23 маусым – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры-көркемдік жетекшісі Есмұхан Несіпбайұлы Обаевтың туған күні

Есмұхан Несіпбайұлы Обаев

1942 жылы 23 маусымда Алматы облысы, Кеген ауылында  дүниеге келген.

Орта мектепті ойдағыдай оқып бітірген жас өрен Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясының театр факультеті, режиссерлік бөліміне түсіп, оны табысты тәмамдаған.

Оның шығармашылық жолы 1964 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қоюшы-режиссер қызметінен басталды. Аталмыш сахнадағы З.Ақышевтың «Жаяу Мұса» Т.Ахтановтың «Боран», Б.Майлинның «Көзілдірік» сияқты сәтті қойылымдардан соң 1968-1970 жылдарда жас режиссер Мәскеудің М.Горький атындағы академиялық драма театрында стажировкадан өтеді.

1970 жылы Е.Н.Обаев Алматының Жастар мен балалар театрына қоюшы-режиссер қызметіне тағайындалып, Б.Майлинның «Шұға», С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Қашқар қызы», «Ботагөз», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», ҚМұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» секілді сүйекті шығармаларды сахнаға шығарды.

Қырғыздың Ош облыстық драма театрында М.Әуезовтың «Қарагөз», М.Ғапаровтың  «Тұзды шөл», Ыстықкөл облыстық драма театрында М.Әуезовтың «Абай» пьесаларын  сахналап, бауырлас республика театрында зор творчестволық жемістерге жетті.

Талантты режиссердің күрделі де қызықты творчестволық жолы 1971-1991 жылдар аралығында  ұлттық  драматургиямыз  бен театрымыздың ту тіккен жері – қасиетті Семей топырағында Абай атындағы Облыстық музыкалы драма театрында көркемдік жетекшілік қызметімен бедерленді. У.Шекспир («Асауға тұсау»),  Н.Гоголь («Үйлену»), («Ревизор»), М.Горький («Шыңырау түбінде»), Ж.Файзи («Башмағым»), Ф.Эрве («Мадемуазель Нитуш»), М.Әуезов («Абай»),  («Қарагөз»), («Айман-Шолпан»), («Еңлік-Кебек»), Ғ.Мүсірепов («Қыз Жібек»), («Ақан сері-Ақтоқты»), (Қозы Көрпеш-Баян сұлу») сынды атақты қаламгерлердің туындылары табысты сахналанып, Семей өнерпаздарының даңқы өрлеп, көркемдік табыстарының нәтижесі республика көлеміне мәшһүр болды.

1975 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері», 1988 жылы «Қазақстанның халық артисі» құрметті атақтарына ие болды.

1990 жылдар тәжірибелі сахнагер еңбек жолының өнердегі ұйымдастырушылық жұмыстарымен сәйкес келді. Ол қоғамдық, мемлекеттік қызметтерге белсене араласты. Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының ректоры (қазіргі Ұлттық өнер академиясы), Мәдениет министрлігінің және Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқаруы оның басшылық қырларының жарқырай көрінуіне  үлкен жол ашты.

Профессор Е.Обаевтың дәріс алған шәкірттердің көбі республика театрарының  сәні десе де болғандай. Республикамыздағы орыс, қазақ театрларының көбінде көркемдік құндылығы жоғары дерлік айшықты спектакльдер қойды.

2001 жылдан бері Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры және көркемдік жетекшісі қызметін жемісті атқарып  келеді.

Осы сахнада ол қойған  классикалық драматургияның інжу маржаны Н.Гогольдің «Пара» («Ревизор»), М.Әуезовтың «Айман-Шолпан», Т.Нұрмағанбетовтың «Ескі үймен қоштасу», Ы.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», Ә.Әмзеұлының «Қара кемпір», Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай», Н.Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді»  спектакльдері дәл қазір зор табыспен жүріп жатыр. Сонымен қатар, театр  репертуарының толыға түсіп, оның көркемдік көкжиегін саралауда сарабдал режиссер Есмұхан Обаевтың алдына қойған жоспары өте қомақты.
2004 жылы театр өнеріне қосқан зор үлесі үшін «Бас тарлан» (Платина) сыйлығына ие болды.

Жыл сайынғы өтетін дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінде Ж.Шанин атындағы «Ең үздік режиссер» жүлдесінің иегері атанды.

http://teatr-auezov.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6&Itemid=6

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*
*