Ұлттық холдингілермен және компаниялармен өзара іс-қимыл жасау үшін мемлекеттік органдардың құзыретінің ара-жігін нақты айқындап, активтерді басқару процесінде мемлекет саясатын жүргізуге жауапкершілікті күшейту де – бүгінгі таңда шешімін таппаған мәселелердің бірі.
Бірқатар квазимемлекеттік сектор субъектілері құрылған кезінен бастап өзін-өзі ақтамай келеді. Мәселен, соңғы бес жылда құрылған 116 акционерлік қоғамның 51-і залалды болып танылған. Оның үстіне көптеген даму институттары қаражаттың уақтылы және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етудің орнына қаржыны депозиттер мен ағымдағы есепшоттарға салып отырған.
Есеп комитетінің Төрағасы Омархан Өксікбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінің тезистері
Құрметті Палаталардың Төрағалары мен депутаттар!
Құрметті Премьер-Министр және отырысқа шақырылғандар!
Парламент қабырғасында, міне, бір жарым айдан бері Үкімет пен Есеп комитеті есептері талқыланып жатыр.
Аталмыш құжаттарда келтірілген мәліметтер бәріңізге белгілі.
Сондықтан, бүгінгі баяндамамда оның бәрін қайталап жатпай-ақ, бюджеттің сапасыз орындалуына ықпалын тигізген мәселелердің бастыларын айтсам деймін.
Осы орайда, біздің барлық қорытындыларымыз бен ұсыныстарымыздың жүргізілген бақылау-талдамалық іс-шараларға негізделгенін әрі республикалық бюджеттің атқарылу сапасын арттыруға бағытталғанын білдіргім келеді.
Жалпы алғанда, Үкімет республикалық бюджеттің негізгі параметрлерінің орындалуын қамтамасыз еткенін атап өту қажет.
Шын мәнінде, Елбасының дер кезінде қолданған шаралары Үкіметке экономикалық жағдайды тұрақтандыруға және әлеуметтік шиеленістің туындамауына зор ықпалын тигізді.
Атап айтқанда, дағдарысқа қарсы іс-шараларға бөлінген қаражат пен Жол картасының іске асырылуы Үкіметке әлеуметтік бағдарламаларды орындау жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қойған бірқатар міндеттерін, оның ішінде, ипотекалық несиелендіру мен үлескерлердің мәселесін, жұмыспен қамтуды және тағы басқа проблемаларды шешуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Үкімет республикалық бюджеттің атқарылу тиімділігін арттыру үшін бар резервтерді пайдалан алмады және маңызды экономикалық мәселелерді шеше алған жоқ.
Ең алдымен – бюджетті жоспарлаудағы кемшіліктерге назар салсақ.
Бюджеттің үш жылға арналып жоспарлануы оның әдіснамасын жетілдіруді талап етеді.
Атап айтқанда, бастапқы және түпкілікті көрсеткіштерді нақтылап, стратегиялық бағыттардың қаржымен және ресурстармен қамтамасыз етілуіне қол жеткізілмеді.
Сонымен бірге тәжірибеге енгізілген стратегиялық жоспарларды әзірлеу және іске асыру да өзінің кейбір осал тұстарын көрсетіп отыр.
Біріншіден, стратегиялық бағыттар мен индикаторлар нақты әрі айқын белгіленбеген.
Жекелеген көрсеткіштер сандық және сапалық тұрғыдан айқындалмай, мемлекеттік органдардың тікелей қызметтеріне жататын функционалдық міндеттеріне ғана бағытталған.
Екіншіден, стратегиялық жоспарлардың көптеген міндеттері мемлекеттік және салалық бағдарламалармен жеткілікті дәрежеде байланыспаған.
Бір сөзбен айтқанда, Үкімет мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын қалыптастыру әдістемесін әлі де жетілдіруі қажет.
Ең бастысы, Мемлекет басшысы еліміздің дағдарыстан кейінгі одан әрі экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін екі негізгі қаражат көзін айқындап берген еді.
Бірінші қаражат көзі – Ұлттық қордан экономикаға қосымша қаржы құю болса, екінші қаражат көзі – Елбасының сөзімен айтқанда: «… бюджеттің барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеу және аса қатал қаржы тәртібін орнату».
Жалпы, есепті жылы жүргізген бақылауымыздың нәтижесінде бірқатар пайдаланылмаған резервтердің бар екенін анықтадық. Осыған қатысты бір-екі мысал айта кеткенді жөн көріп отырмыз.
Мәселен, бүгінгі таңда бақылау объектілеріне жетілдірілмеген нормативтік құқықтық актілермен жұмыс жасаған өте қолайлы. Өйткені, мұндай құжаттар қаржылық бұзушылықтарға жол беріп, бақылау объектілерінің ақталуына мүмкіндік туғызуда.
Біздің пайымдауымызша, Үкімет Заңға тәуелді актілерді қабылдау кезінде де елеулі кемшіліктерге жол беруде, яғни, мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіктерін іске асыру тетіктері жеткілікті дәрежеде пысықталмаған.
Осы орайда айта кететін бір жайт, есепті жылы нормативтік құқықтық актілерді қоса алғанда, түрлі бағыттағы құжаттарға қатысты Үкіметке берген 31 ұсынымымыздың тек 13-і ғана іске асырылды.
Бүгінде Қазақстанның және шетел мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы келісімдердің сапалы мониторингінің болмауы бюджет процесінің тиімсіз іске асырылуына алып келуде.
Бақылау материалдарына жүгінсек, жекелеген олқылықтарға және кейбір келісім нормаларының қолданылмауына байланысты, еліміз уақтылы түсетін кірістерін ала алмай, орынсыз шығынға ұшырауда.
Мысалы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес, ядролық өнімдерді кәдеге жарату қызметінен түскен қаражат 1996 жылдан бастап республикалық бюджет кірісіне аударылмай, жеке құрылымның есепшотында жинақталып келген.
Тек біздің тексеруімізден кейін ғана 31,8 млрд.теңге бюджетке аударылды. Мемлекеттің шеккен зияны қаншама десеңізші!? Оны құқық қорғау органдары зерттеуі керек деп білемін.
Жыл сайын республикалық бюджеттен еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге елеулі қаражат бөлініп отырады.
Десек те, Қорғаныс министрлігі қолданыстағы халықаралық келісім аясында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы елдерде өндірілетін әскери техника мен қару-жарақты жеңілдік қарастырылған қолайлы бағамен сатып алу мүмкіндіктерін пайдаланбай отыр.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарттарда да бюджетке түсетін түсімдерді қамтамасыз етпейтін бірқатар қаржы көздері бар. Тек біздің мамандарды оқыту үшін инвесторлар болжаммен 20-30 млрд.теңге шығындауда, ал осы қаржы көзі біздің бюджет әлеуметтік мәселелерді жоспарлағанда ескеруі керек деп ойлаймыз.
Осындай бюджетке қатысты мәселелер басқа да келісімдерде бар.
Ендеше, барлық халықаралық келісімдердің қайта зерделеніп, республикалық бюджетті қалыптастыру және іске асыру кезінде барынша пайдаланылғаны өте орынды болар еді. Бұл міндет, Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктейді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жарғылық капиталдарына аса қомақты бюджет қаражаты салынған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыстарындағы олқылықтарға, құрметті депутаттар, Сіздердің назарларыңызды тағы бір рет аударғым келеді.
Бұл мәселеде басы ашылмаған қиғаш жайттар жетерлік.
Біздің пікірімізше, Үкімет мемлекет активтерін басқарудың тиімді тетігін әзірлеу жөнінде толыққанды шаралар қолданбай отыр.
Сол себепті, бірқатар квазимемлекеттік сектор субъектілері құрылған кезінен бастап өзін-өзі ақтамай келеді. Мәселен, соңғы бес жылда құрылған 116 акционерлік қоғамның 51-і залалды болып танылған.
Оның үстіне көптеген даму институттары қаражаттың уақтылы және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етудің орнына қаржыны депозиттер мен ағымдағы есепшоттарға салып отырған.
Бұның салдары экономиканың одан әрі өсуіне бюджет қаражатының тигізетін мультипликативті әсерінің төмендеуіне әкелді деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, олар әкімшілік шығындарын ұлғайтуды жалғастыру үстінде. Олардың аталған шығындары депозиттен түскен дивидендтер есебінен жабылып отыр.
Бұл, республикалық бюджет қаражаты белгілі бір топтың ғана әл-ауқатын арттыруда деген сөз. Ал бюджет тапшылық көріп отырған жағдайда, бұндай «Атымтай жомарттыққа» жол беруге болмайды.
Құрметті депутаттар! Даму институттарының жарғылық капиталдарын қалыптастыруға және толықтыруға арналған қаражатты жобалардың дайындығына қарай бөлудің қажет екендігін бұған дейін де бірнеше мәрте айтқан едім.
Осыған байланысты түрлі көңіл-күй қалыптасып, көзқарастар орын алғаны белгілі.
Алайда, бүгінгі таңда депозиттегі бюджет қаражатынан түскен дивидендтерді республикалық бюджет кірісіне аудару қажет деп санаймыз, тек сонда ғана қарыздарға қызмет көрсету бойынша шығындар азаяр еді.
Үкімет қарыздарына қызмет көрсету үрдісі жыл сайын өсіп, 2009 жылы 69 млрд. теңгені құрағаны жөнінде тоқталып өткенбіз. Жыл басына жалпы мемлекеттік қарыз 1618 млрд.теңгені құрады. Ол жалпы ішкі өнімнің 10%-ы. Қаржы министрінің пікірінше, қарызды 60 %-ға жеткізуге болады. Біз бұған жол беруге болмайды деп ойлаймыз.
Есепті жылы республикалық бюджеттің жалпы көлеміндегі инвестициялық жобалардың үлесі 20 пайыздан асып отыр.
Ал енді активтердің тиімді басқарылуына және тұтас мағлұмат алуға жәрдемдесетін айқын регламентке келетін болсақ, мемлекет активтерінің біртұтас деректер базасын құрып, соған қатысты тиімді іс-шаралар және мониторинг жүргізіп отыру қажет.
Ұлттық холдингілермен және компаниялармен өзара іс-қимыл жасау үшін мемлекеттік органдардың құзыретінің ара-жігін нақты айқындап, активтерді басқару процесінде мемлекет саясатын жүргізуге жауапкершілікті күшейту де – бүгінгі таңда шешімін таппаған мәселелердің бірі.
Біз бюджет жүйесі және мемлекеттік қаржылық бақылау принциптерінің сақталуына есебімізде ерекше мән берген едік.
Бүгінгі таңда бюджеттің негізділік және теңгерімділігін сақтау принциптерін, сондай-ақ бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде белгіленген талаптарды бұза отырып, бюджет қаражатының негізсіз басқа мақсатқа жұмсалуына жол берген мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары бар екені айтпаса да белгілі.
Осыған байланысты, тиісті уәкілетті органның олардың жауаптылығын қарауға құқық беретін өкілеттігін заңнамалық деңгейде бекіту қажет деп есептейміз.
Трансферттер мен субвенцияларға қатысты екі өзекті мәселе де назардан қалмауы тиіс.
Әсіресе, трансферттер мен субвенциялар арқылы өңірлердің даму деңгейін теңестіруді көздейтін Елбасының біркелкі дамыту саясаты мемлекеттік бюджет түсімдерін әділ бөлуді талап етеді.
Біздің талдауымыз көрсеткендей, өңірлерге бөлінетін трансферттер көлемінің жылдан-жылға артып келе жатқаны байқалады.
Мәселен, 2008 жылға қарағанда, 2009 жылы өңірлерге республикалық бюджеттен трансферттер 26 пайызға көп бөлінген. Жергілікті бюджеттердің жалпы кірісіндегі трансферттердің үлесі 56 пайыздан 61 пайызға дейін ұлғайған.
Әрине, дағдарыс кезінде Үкімет осындай тәсілмен өңірлердегі әлеуметтік және экономикалық проблемаларды шешкенімен, біздің ойымызша, осы мәселелерді шешудің басқа да жолдарын қарастырып, қаражаттың тиімді бөлінуін және игерілуін ескеру қажет деп есептейміз.
Тексеру нәтижелері көрсетіп отырғандай, жергілікті атқарушы органдардың өздеріне берілген нысаналы трансферттерді игере алмай, оларды көзделмеген іс-шараларға қайта бөлу фактілері артып келеді.
Соның салдарынан жергілікті жерлерде елеулі қаржы жиналып қалуда. Сондай-ақ жобалар жеткілікті дәрежеде пысықталмағандықтан және әкімшілер «бойларын кеңге салып» жауапсыздық танытқандықтан, көзделген мақсаттарға және күтілген нәтижелерге қол жеткізілмеуде.
Есепті жылы игерілмеген нысаналы трансферттердің көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 4 есеге (39,7 млрд. теңгеге) ұлғайған, сол игерілмеген қаржының 63 пайызы республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің үлесіне тисе, қалғаны жергілікті атқарушы органдардың еншісінде.
Жоғарыда айтылғандай, өңірлерде жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін толықтыратын жасырын резервтер бар. Осы резервтер өңірлерді трансферттерге деген тәуелділіктен арылтып, республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтар еді.
Біздің ойымызша, республикалық бюджетке жыл сайын ауыр салмақ салып, жергілікті атқарушы органдарда масылдық пиғыл қалыптастырмау үшін, өңірлердің салықтық әлеуетін барынша терең зерделеп, жергілікті бюджеттердің кіріс базасын ұлғайтуды қарастыратын тетіктерді әзірлеп, пәрменді шаралар қолдану қажет.
Сонымен қатар, Бюджет кодексіндегі нысаналы даму трансферттерін келесі қаржы жылында пайдалануға қатысты нормалар да есепті жылы игерілмеген қаржының ұлғаюына ықпалын тигізді.
Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, мөлшері асыра көрсетілген қаржыны мерзімінен бұрын кері қайтарудың немесе оның көлемін қысқартудың рәсімін, сондай-ақ бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен және жергілікті бюджеттен қаражатты қысқартып, кері алып қоюдың тетігін заң жүзінде бекіту қажет деп санаймыз.
Сол мерзімінен бұрын қайтарылған қаржылар қосымша шешімімен басқа да тиімді бағыттарға жіберілуі керек.
Сонда біз бюджет қаражатының дер кезінде игерілуін қамтамасыз еткен болар едік.
Республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің уақтылы әрі толық орындалуы үшін фискалдық органдардың резервтерді жеткілікті дәрежеде пайдаланбағанын бұдан бұрын да айтқан едік.
Ол бюджет параметрлерінің нақтыланып түзетілгеніне қарамастан, болжамдық көрсеткіштердің орындалмауына алып келді.
Салық тексерулерінің сапасы төмендегендіктен, салық төлеушілердің талап арыздары бойынша ұтылған сот процестерінің саны артып келеді.
Салық заңнамасын бұзғандардың әкімшілік жауапкершілікке тартылмай қалған оқиғалары да тіркелген.
Трансферттік бағаны қалыптастыру туралы заңнаманың талаптары жеткілікті дәрежеде сақталмағандықтан, есепті жылы салық органдары бар болғаны тоғыз салық төлеушіні тексеріп, нәтижесінде қосымша есептелген 21 млрд.теңгені анықтаса да, осы түсім бюджетке өндіріп алынбаған.
Кеден органдарының қызметінде республикалық бюджеттің зиян шегуіне алып келетін кемшіліктер мен олқылықтар әлі де кездесуде.
Импортталатын жекелеген тауар түрлерінің өлшем бірлігі құнын төмендету фактілері де кездеседі.
Кеден заңнамасында кедендік сараптаманың тағайындалуын регламенттейтін норма болмағандықтан, кедендік баж салынуға тиісті тауарлар қажетті сараптама жасалмастан сыртқа әкетілуде.
Жоғарыда аталмыш барлық фактілер республикалық бюджеттің атқарылуы және мемлекет активтерін басқару мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін заңнамалық базаның және жауапкершілік тетіктерінің Үкімет тарапынан жетілдірілмегенін көрсетеді.
Құрметті депутаттар!
Біз Есебімізде бақылау және талдау жұмыстарының негізінде 15 тармақтан тұратын Үкіметке бағытталған ұсыныстарымызды келтірген едік.
Ұсыныстардың барлығы дерлік республикалық бюджеттің жоспарлау және орындалу процестерін жетілдіруге бағытталған.
Солардың бастыларына тоқталып өтсем:
- мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларының параметрлері мен көрсеткіштері нақты есептеулермен расталған нысаналы индикаторларын есептеу әдістемесін әзірлеу керектігі;
- дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыруға қатысып отырған квазимемлекеттік сектор субъектілерінде, қаржы институттары мен мемлекеттік органдарда тәуекелдерді басқару жүйесінің жетілдірілуін қарастыру;
- мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін арттырып, мемлекеттік меншіктің бөліну алғышарттарын болдырмау мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерін басқаратын органдардың лауазымды адамдарының қабылдаған шешімі салдарынан мемлекетке ірі зиян келгені үшін олардың жауапкершілігі заңнамалық деңгейде қатайту;
- мемлекеттік қаржылық бақылаудың сыртқы органдарының салықтық және кедендік әкімшілік ету тиімділігін бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктері салық заңнамасында көзделуі тағы басқалар.
Осы ұсыныстарды орынды деп тапсаңыздар, оны қолдап, Үкіметке бағыттағандарыңыз құба-құп болар еді.
Құрметті депутаттар!
Сөзімді қорыта келе, республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты бақылау-талдау қорытындыларымыз бен есебіміздің сапа деңгейі төңірегінде айтылған сын ескертпелеріңіздің біздің жұмысымызға өзіндік оң әсерін тигізетініне сендіргім келеді.
Бұл орайда біздің елде сыртқы қаржылық бақылау жүйесі әлі де жетілдірілу жолында екенін және тиісті заңдардың жоқтығын да жасыруға болмайды.
Тіпті жергілікті бюджетті кәсіби сыртқы бақылау әлі күнге дейін құрылмағаны қазіргі кезде құпия емес.
Қазір осы мәселелерді шешу жолында біз Мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсындық. Елбасы біздің осы бастамамызды қолдап, оның әзірленуі жөнінде тапсырма берген еді.
Осы сәтті пайдаланып, мен Парламент депутаттарын аталған стратегиялық құжаттың әзірленуіне атсалысуға шақырамын.
Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет!
http://www.esep.kz/first2.php?lang=kaz&matid=1317