Оңтүстіктегі ұрлық жайлы ақиқат

Шындығында, Қоңыратбай Мырзаханның ешқандай да мешіт имамы еместігін, тіпті діни қызметке мүлдем қатысы жоқтығын анықтадық. Ол бар болғаны өзін-өзі жамағатқа «имам орынбасарымын» деп таныстырып, сол арқылы абырой жинауды мақсат тұтқан кісі. Тіпті оның ақыл-есінің бүтіндігіне де күмәніміз бар.

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ  БАС ИМАМЫ БЕЙБІТ МЫРЗАГЕЛДИЕВТІҢ  МӘЛІМДЕМЕСІ

2010 жылдың 18 маусымында бұқаралық ақпарат құралдарында Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданындағы «Нақыпбекұлы Әуен» орталық мешітінде ұрлық жасалғаны жайлы хабар таратылды. Онда мас күйде садақа жәшігін ұрлаған қылмыскер Қоңыратбай Мырзахан Мамыртайұлы мешіт имамының орынбасары деп таныстырылды.

Алайда, шындығында, Қоңыратбай Мырзаханның ешқандай да мешіт имамы еместігін, тіпті діни қызметке мүлдем қатысы жоқтығын анықтадық. Ол бар болғаны өзін-өзі жамағатқа «имам орынбасарымын» деп таныстырып, сол арқылы абырой жинауды мақсат тұтқан кісі. Тіпті оның ақыл-есінің бүтіндігіне де күмәніміз бар. Аудандық ішкі істер органдарының қолына түсіп қалғанда да, ол «Имамдықты айтсам босатар» деген үмітпен оларға да өзін «бас имам орынбасарымын» деп таныстырған. Полиция қызметкерлерін де жаңылыстырған жайт осы болса керек.

Бұқаралық ақпарат құралдарында «мешіт имамы ұрлық жасады» деп таратылған ақпарат қате және ислам діні мен бүкіл мұсылмандардың абыройына көлеңке түсіріп отыр. Сондықтан бұл қате ақпаратты таратқандардан қателікті түзетіп, терістеме берулерін талап етеміз.

ОҚО  Бас имамы
Бейбіт  Мырзагелдиев

http://muftyat.kz/2850-s.html


Ал мынау Today.kz сайтының таратқан ақпараты:

Мешіттегі масқара

Мешіт- Алланың үйі. Барша мұсылман қауымы үшін мешіттің мәні мен маңызы қаншалықты зор екенін айтып та қажеті жоқ сияқты. Тіршіліктен түңілгендердің тірек іздегенде табары – мешіт, шындыққа жүгінгендердің де барары –мешіт.

Жұма намазға жиылған жамағаттың да жалғыз келетін жері- мешіт. Аллаға сеніп, ниет етіп келген жандар садақа тастайды. Алла үйінде тізе бүгіп, сап түзейді.

Мұсылман халқының басқадан жоғары қоятыны да мешіттегі имам. Құранын аузынан тастамайтын, тақуа жандар да- имам.
Мешіт іші жақсылық, тыныштық пен бұзылмас құдіретке толы. Алайда қазіргі заманда киелі Алла үйінде де күтпес масқара орын алды.

Белгілі болғандай, Оңтүстік Қазақстан облысының мешіттерінің бірінде, имам орынбасары садақа салынған сейфті ұрлап кеткен. Ұрлау былай тұрсын, жай ғана емес, мас болып жүріп осындай масқараға жол берген. Сейф ішіндегі 4 мың теңгені алып қашқан имам орынбасарын полицейлер қолға түсірген. Қазіргі кезде сот отырысы жүргізіліп жатыр.

Сот үкімі не шешетіні белгісіз, бірақ Алла соты қандай болатыны бәрмізге белгілі. Қасиетті ордадан ақша ұрлатып қойып, жоғарғы жақтағы көкелеріміз қайда қарап отырғаны таңқалдырады.

Ар-ұяттан айырылып, халық садақасына қол сұққан күнәһардың жазасыз қалмайтыны шындық. Алайда, ашық күнде аспаннан жай түсірген бұл жаңалық жамағатты бей-жай қалдырмасы анық. Мешітке барып молдадан тәлім алғысы келгендердің көргені осы болса, келешегіміз қандай боларын кім білсін?

Дана Ескулова

http://www.today.kz/kz/news/incident/2010-06-22/1390

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*
*