Қазақ тіліне қасақана қастандық жасалуда немесе оның бұқаралық қатынас құралына айналуына не кедергі?

Тәуелсіздік алғанымызға жуырда жиырма жыл толады. Шүкір, осы уақыт аралығындағы Қазақстанның даму деңгейіне кейбір іргелес елдермен салыстырғанда  көңіліміз толады. Бірақ, ұлттық тақырыпта бармақ тістететін, кенже қалып қойған тұстарымыз тағы көп. Оны мойындауға тиіспіз.

Мәселен, біз әлі күнге дейін орыстың  тілі мен грамматикасының ықпалынан шыға алмай  жүрміз. Атап айтсақ, орыстың «вагон» деген сөзінің қазақшасын ана тіліміздің үндестік заңына қайшы келсе де дәл осылай жазып, дәл осылай оқимыз. Бұл жерде «вагон» сөзін жәй мысал ретінде келтірдік. Әйтпесе осыдан кейін дұрысы осы екен деп біреулер оны «багон» деп жаза бастауы мүмкін. Қазақ мұндай бөгде сөздерді тіліне ыңғайлап айтқан ғой.

Ал дәл қазір кірме сөздер мен терминдердің көбісін біз тіліміздің табиғатына қайшы келсе де тура дыбыстауға тырысамыз. Олардың ішіндегі  үндестік заңын бұзатындарын сөзімізге бейімдеп, тіліміз келетіндерін сол қалпында қабылдау қажет екенін мүлде ескермей кеттік. Осындай ойсыз қылығымызбен  тілдің табиғатына қарсы қасақана қылмыс жасап жүргенімізді аңғармайтын болдық. Бұл бізді сөйлеу машығымыздан айырып, ана тілімізді жасанды түрде орыс тілінің заңдылығына тәуелді етіп тастады.

Яғни, біз, бір кездері батырлар мен шешендердің поэтикалық тілі болған, мүмкіндігі мен қабілеті  шексіз Қазақ тілін соқа соңында жүрген мұжықтың ойды шолақ қайыруға құрылған қысқа тіліне кіріптар етіп қойдық. Бұл ессіздік емей немене? Тіл саласындағы осындай сорақы саясаттың кесірінен қазір біздің Қазақшамыз бен мас адамның айтқан әңгімесінің арасында ешқандай айырмашылық болмай қалды. Өйткені екеуі де не сөйлеп тұрғанын білмейді.

Себебі, тіл жүйесіз болып кетті. Тіл науқас. Ойдың оралымы бұзылды. Кейде қазақша ойлап, қазақша сөйлей білуді өзі үшін қасіретке айналдырып жіберген қандастарымызға қарап қарным ашады. Бұлар тілдің басындағы трагедияның қазіргі кейпі сияқты көрінеді маған. Қазақ тілінің баршаға ортақ, әрі, жатық тілге айнала алмай келе жатқан бір себебі де осыдан деп білем. Мүйізі қарағайдай академиктер мен профессорлардың  не бітіріп жүргеніне таңданам.

Осындай кемшіліктерді солар бірінші болып байқауы керек еді. Егер оған өресі жетпесе несіне дардай атаққа ие болып жүр? Әлде ол мақтан үшін керек па? Мен ағылшындарға қатты риза болам. Бұлар қай тілден қандай термин кірсе де оны өздерінің сөз мәнеріне салып сөйлейді. Мысалы Географияны, Жөграфи, Сталинді, Стәлін дейді. Француздар да мәселен, коммунистер мен социалистерді  «кәмүніс» , «сөтсиәлис» деп айтады.  Дәл осылай демесе де осыған ұқсатып сөйлейді. Ал біз бұлай десек күлкілі көрінетін сияқты. Өйткені төл тіліміздегі  сөйлеу машығын кембағалдық ретінде (неполноценность) қабылдайтын деңгейге түсіп кеттік.

Ұлтты ұйыстырудың негізгі құралы болып табылатын тіліміздің бастан кешіріп отырған қазіргі ең үлкен қасіреті осы.. Бүгіндері бәлиғаттан пайғамбарлық жасқа дейінгі аралықтағы Қазақша сөйлейтін қандастарымыздың 70 пайызға жуығы ойын оралымды етіп, еркін жеткізе алмайды. Сырттай сарнап сөйлегенімен, сөздерінде жүйе жоқ екенін аңғару қиын емес. Қазақтардың өзі өз ана тілінде жатық сөйлей алмай жүрген соң,  басқалардан тіл білуді талап ету әбестік шығар? Менің ойымша, қазақ тіліне күштеп енгізілген жіңішкелік белгісі,в,ф,сияқты тілдің үндестік заңын бұзатын әріптердің барлығын   қолданыстан алып тастау керек сияқты.

Мұндай әріптері бар сөздерді Қазақ тілінің табиғатына бейімдеу керек. Мен тіл ғалымы емеспін. Бірақ ойымды айтуға қақылымын. Кейбіреулер әліпбидің бұл әріптермен толыққаны тілдің дамығанын көрсетеді деп айтқысы келеді. Бірақ, бұл тілді дамыту емес,қасақана шұбарлау болып табылады. Адамзат тарихында мұндай жолмен ешкім, ешқашан тілді дамытқан емес. Пьер Абелярдың «Тіл ойлау арқылы туып, ойға түрткі болады» деген керемет сөзі бар. Бұқаралық сипаттағы ойлау құралына айналса ғана ол жатық тілге айналады. Ал біздің қандастарымыздың арасында орысша ойлап қазақша сөйлегісі келетіндер де  көп. Көпшілігі қаланың Қазақтары. Оларға ойын орысша жеткізген әлдеқайда жеңіл. Бұл жағдай тілдің трагедиясын одан әрі ушықтырып отыр. Мемлекеттік тіл ең алдымен қалада қалыптасады. Өйткені ол заман ағымына қарай бейімделіп, технология мен ғылым жаңалықтарына ілесе отырып дамуы тиіс. Әйтпесе көштен қалып қояды. Ал техника тіліне айнала алмаған тіл-бұқараның қатынас құралы болудан қалады. Біз қазір осы үдеден шыға алмай отырмыз. Қолымызда барлық мүмкіндік бола тұра тілдің дамуына қасақана кедергі жасаудамыз. Ал темлекеттің төл тілінде түсінісе алмайтын ел- Ұлт болып ұйысу мүмкіндігінен айырылады. Біздің діттегеніміз осы ма сонда?

Жолымбет Мәкішев

Subscribe to Comments RSS Feed in this post

One Response

  1. Жолымбет, бұл мәселе осыдан 5-6 жыл бұрын көтерілген. Бірақ айтылған нәрсе сол күйінде қалды. Оны қадағалайтын арнаулы орган да жоқ. Жалпы, қазіргі терминком Сіз айтқан қазақ тілінің табиғи үндестік заңын бұзуға қомақты үлесін қосып келеді. Баяғы орыс тілінің терминдерін қазақша үндестіруге жоғарыға қарап жалтақтап, мәселені тілдің пайдасына шешуге бата алар емес. Бәрін де күнкөріске қаратып қойған мына заманда Сіз айтқан “Тілдік үндестік заңының” дәурені бола қоймас. Ал уақыт өткен сайын ұрпақ та сол үндестіктен алшақтай берері анық. Тілдің өз дыбысталу заңы бар. Мысалы ағылшынша сөйлегенде тілдің ұшы астыңғы қатардағы тіске барып тіреліп тұрады да, ортасы көтеріңкі болады. Франсуздарда – керісінше. Орыста тіл жалпағынан тура жатады. Қазақта да көбіне солай тік жатса да, кейбір дыбыстарда ағылшындық, франсуздық қалыптар кездеседі. Осы заңдылықты зерттеп, арнайы кітап шығарған әлі бір лингвисті көрген жоқпын. Ал мен де Сіз сияқты тіл маманы емеспін. Мына жайтты өз бақылауымнан алып отырмын.
    Дегенмен, өте дұрыс мәселені көтеріп отырсыз.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*
*