24 маусым – Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың туған күні

Қасқабасов Сейіт Асқарұлы 1940-жылы 24 маусымда туған, әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы (1989), профессор (1996). Абай атындағы қазақ мемлекеттік институтын бітірген.
(1964). 2001 жылдан күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігіне қарасты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып қызмет атқарады.

Оның түрлі сипаттағы ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстарын кең ауқымда әрі тиімді де сапалы ұйымдастырудағы іскерлігі мен Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын терең талдап, түйсіне білетін қағылездігі, Еуразиялық идея мен жаһандануға қатысты және қоғамның мәдени өмірі мен қазіргі әдеби процестің өзекті мәселелеріне байланысты ой-пікірлері баспасөз арқылы көпшілік қауымға кеңінен танымал.

Ол Л.М.Гумилев университетінде «Еуразия» ғылыми зерттеу орталығын алғаш ұйымдастырушы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Аттестациялық комиссиясының тұңғыш төрағасы және БҒМ Жоғарғы Аттестациялық комиссиясы Президумының мүшесі болды.

Ғалымның ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты: фольклор мен әдебиет және өнер. Әсіресе, мифология мен фольклорлық проза саласын зерттеуде айрықша ғылыми табыстарға қол жеткізген. Ол фольклордың прозалық саласын ғылыми тұрғыдан саралап, жанрлық жағынан жіктеген және қазақ мифологиясын типологиялық тұрғыдан тұңғыш тұжырымдаған ғалым.

С.А.Қасқабасовтың фольклорлық проза дамуының көне архайкалық түрден бүгінгі көркемдік деңгейіне дейінгі тарихи заңдылықтары жөніндегі ғылыми тұжырымдары Башқұрт, Татар, Түркмен, Қырғыз, Өзбек фольклортанушы ғылымдарының еңбектерінде жалғасын тауып, бекіді.

С.А.Қасқабасов қаламынан туған 300-ге тарта еңбектің мазмұны сан салалы. Онда әдебиет пен өнер тарихының, фольклор теориясы мен мәтінтанудың түрлі мәселелері қамтылған. Ғылымның басшылығымен әрі қатысуымен хайуанаттар жайлы ертегілердің академиялық басылымы

/орыс тілінде/ «Қозы-Көрпеш – Баян-сұлу» лиро-эпосының 8 варианты, Г.Н.Потанин мен В.Радлов жинаған фольклорлық үлгілері мен ХVІІ-ХIХ ғасыр жырауларының шығармалары және Ж.Жабаевтың таңдамалы шығармалары /орыс тілінде/ жарық көрді.

2003 жылы Ресейдегі Қазақстан жылы ауқымында Мәскеуде «Еуразия халықтарының эпосы» сериясы бойынша С.А.Қасқабасов дайындаған ғылыми тұжырым-түсініктермен «Қозы-Көрпеш – Баян-сұлу» және «Қыз Жібек» жырлары жарияланды.

Ол 1. «Казахская волшебная сказка» (1972); 2. Қазақтың халық прозасы (1984); 3. Родники искусства (1986); 4. Казахская несказочная проза (1990); 5. Колыбель искусства (1992); 6. Абай және фольклор (1996); 7. Золотая жила (2000); 8. Жаназық (2002); 9. Люби безмерной памятник (2002); 10. ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті (2005) атты монографиялар жариялады. С.А.Қасқабасовтың кітаптары ғылыми қауым тарапынан жоғары сұранысқа ие, әрдайым республикалық баспасөз бетінде және шетелдік басылымдарда биік бағаланған. Оның еңбектері филологтар мен өнертанушыларға, тарихшылар мен философтарға арналған. Әрі ол фольклорды, мифологияны және әдебиеттануды салыстырмалы түрде зерттейді.

С.А.Қасқабасов соңғы жылдары оннан астам халықаралық және Республикалық ғылыми конференция ұйымдастырды, оның екеуі ЮНЕСКО деңгейінде өтті. Ол Түркияда (2001), Иранда (2002) және Францияда (2003) өткен халықаралық конференцияларда баяндама жасады. Оның ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1986), ҚР Мемелекеттік сыйлықтың (1992), Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері (1996), ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен (2002), Махамбет атындағы сыйлықтың иегері (2003) атануы – С.А.Қасқабасовтың ғалымдық кәсіби деңгейі мен еңбегінің абыройы биіктігіне дәлел.

Ол фольклорлық проза зерттеушілерінің халықаралық қоғамының мүшесі (Финляндия, 1991) болып сайланды. С.А.Қасқабасов – ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі (2004) және ҚР Мемлекеттік хатшы жетекшілігіндегі мемлекеттік «Мәдени мұра» жөніндегі қоғамдық кеңестің (2004) мүшесі және мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының «Фольклористика, әдебиеттану және өнертану» секциясының төрағасы, әдебиет, өнер және архитектура саласы бойынша Мемлекеттік сыйлық комитетінің мүшесі, әдебиет секциясының төрағасы.

Қазір оның жетекшілігімен институт мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында белсенді жұмыс істеуде, атап айтқанда, қазақ фольклорының жүз томдық «Бабалар сөзінің» қырық томы, бес томдық «Қазақ музыкасының антологиясы» мен он томдық «Қазақ әдебиеті тарихы» жарық көрді.

http://litart.academset.kz/?q=kk/node/114

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*
*