Соңғы кездері елдің саяси ұйымдары ұлттық мәселеге бет бұруда. Алайда, о баста ұлттық мемлекет құруды көздеген «Азат» қозғалысының атауы бұл жолы біреуге талғажау болды. Демек, Қазақстанның егемендік алуы жолында азды-көпті орны бар бұл бұқаралық қозғалыс тарих көкжиегінің көрінбейтін жағына кетті деген сөз. Жаңаша тарихы әлі де жазыла қоймаған Қазақстан жағдайында елдік мүддені көздеген Азаматтық «Азат» қозғалысының негізін қалаушылардың бірі ретінде, кейбір қалтарыстарға шам жағуды ұйғардық.
Ұлт сыйпатты қос құбылыс
ХХ ғасырда қазақ халқы тарихында айрықша орын алатын ұлттық саяси сананың ұжымдасу мысалы болған екі құбылыс болды. Оның бірі – ғасырдың бас кезіндегі патшалық Ресей қоғамының білімі мен білігін бойларына сіңіріп,өзегін ел егемендігі өртеген, ұлттық зиялы қауым құрған «Алаш» партиясы да, екіншісі – ғасырдың соңында қарапайым бұқараның азаттыққа деген құлшынысынан туындаған «Азат» қозғалысы. Бұл екеуінің де мақсаты елге азаттық әперуге ұмтылу болғанмен, тарихи мұраты (миссиясы) екі басқа болып қалыптасты: «Алаш» азаттық жолындағы қазақ халқының авангардтық саяси тұлғасы болса, «Азат» егемендену кезіндегі халықтық қозғалыстың саяси сыйпаты болды.
«Алашты» ат төбеліндей ұлттың алдыңғы қатарлы тобы құрса, «Азат» қалың бұқараның қолдауымен дүниеге келді. Біреуі – ұлттық ақыл-ой мен күш-қайраттың бір сәтке болса да бірігу көрінісі болса, екіншісі – халықтың ұлт болып қалыптасқан жігерінің көрінісін әйгіледі. Сондықтан да «Алаш» халық арасында саяси ағартушылық пен мемлекет құру идеясын ту етсе, «Азат» саяси белсенім мен мемлекетке ие болу мұратын іске асыруға талпынды. «Алаштың» негізгі кейпі тарихтың төріне жайғасып, әрі-бері зерттелгенін ескере отырып, жаңаша тарихтан орын алуға тиісті «Азатқа» тоқталудың қыйсыны келген еді.
Соңғы кездері ұлтшыл бағытта көзге түскен жеке тұлғаларды ұлттық қаһарман деңгейіне көтеруге ұмтылыс пен оның іске аспай қалғандығын сөз етушілік орын алып келеді. Осындай әңгімелер арасында «Азат» қозғалысының байыбына бармай, жөндіз-жөнсіз ұрыну көрініс беретіні табиғи болар. Қайткенде де, «Азат» ХХ ғасырдың соңында қазақ халқы тарихында ұлттық саяси сыйпатқа ие болғандықтан да, оны тарихи шолу кезінде айналып өту мүмкін де емес. Сондықтан да аталмыш қозғалыс ғұмырынан орын алған адам ретінде, осы жолдар авторының кейбір жайттардың жай-жапсарын ашуға ұмтылуы жосықты болар.
«Азат» жайындағы әңгімені оның құрылуынан бастаған қыйсынды. Кәзіргі Қазақстандағы саяси тарихты зерттеушілер көбіне көп саяси қозғалыстар мен партияның құрылуын солардың саусақпен санардай бастамашыларының бас біріктіру мезгілінен бастайды. Бұл дұрыс та болар. Бірақ, бұл қыйсын «Азатқа» қолданымсыз, өйткені, әлгіндей құрылған жасанды партиялардың, қозғалыстардың ошағынан от лауламақ түгілі, түтіні де шықпаған күйі тумай жатып, өшуде ғой. Ал, «Азаттың» жайы тіптен басқаша еді. Оның жайы жоғарыда айтылғандай құбылыс екендігінде. Ал, құбылыс адамның қолымен құрылмайды.
Ол өзінің тылсым заңдылығымен туындап, істерін істеп құйындай өте шығады. Құбылыс – уақыт пен кеңістің, оған қоса адам баласы әлі көзі жете қоймаған бір тылсым үйлестіргіш құдыреттің (бәлкім, пассионарлық дейтін осы болар) өзара әрекеттесуінің нәтижесі. Міне, сондықтан да әлі күнге «Алаш» секілді (ХХ ғасырдың соңындағы А.Атабек, кейін А.Сәбетқазы ұйымдастырған «Алаш» емес) айбынды саяси ұйым мен «Азат» сияқты бұқараны қамтыған қозғалыс әзірге туылмастан қалуда! Өйткені, заманды меңгеру мүмкін емес, оған тек ере білу ғана мүмкін. Ал, қазырғы саясатшылар уақыттың тізгінін ұстағысы келіп, қанша көкталақ болса да, ол қылықтарынан түк шықпай, «77 күннің» әжуасына айналғаны рас. Сондықтан да «Азатшылдардың» бәрінің де көзі тірі болса да (ішінара шетінегендерді айтпағанда), шын мәніндегі «Азат» қозғалысы жоқ. Себебі, құбылыс-құйын ғайып болғалы қашан!
«Азат» қалай туған еді?
Сонымен, «Азат» қалай құрылып еді?
Қазақстанның Азаматтық «Азат» қозғалысының 1990 жылдың шілдесінде өткен құрылтайына дейін, «Азаттан» бұрын құрылып, кейінірек оның құрамына енген «Парасат» қоғамы 1989 жылы шілде айында болған Жаңаөзен оқиғасынан кейін Маңғыстау облысында марқұм Сайын Шапағатов ағамыздың басшылығымен жұмыс істеп жатса, Ақтөбедегі «Қазақ тілі» қоғамының құрамынан бөлініп, отау тіккен жастардың «Алдаспан» клубы өз ықпалымен бұл кезде Ақтөбе түгілі Алматыға әйгілі болған ұйымдар еді. Сол секілді Арал қаласынан «Тамшы», Целиноградтан «Тіл және мәдениет» бірлестіктері секілді жергілікті ондаған ұйымдарды атауға болады.
1990 жылы маусым айында құрылған «Азаттың» жеті төрағасының бірі – сондықтан да маңғыстаулық С.Шапағатов болды. Бір қызығы, «Азат» қозғалысы алматылық баскерлердің (лидерлердің) бас қосуымен қозғалыс қанатын жая қоймады, бірақ оған сол кездегі аймақтық ұйымдардың бірігуі нақты да ықпалды ұйымға айналуына бірден бір сеп болған еді. «Алдаспан» «Азаттың» құрамына бір жылдан соң 1991 жылы сәуір айында өтіп, Ақтөбе облысындағы айтулы ірі қоғамдық бірлестік ретінде танылып болған соң, өз атауын ақтөбеліктерге әлі де таныс емес «Азатқа» айырбастап, қайтадан саяси репутация жасауына тура келген-ді. Сөйтіп, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында «Азат» туралы әңгіме бастау үшін «Алдаспан», «Парасаттарды» айналып өту мүмкін емес болар еді. Мұндай жайттар өзге де облыстар тарапына қатысты. Сайып келгенде, «Азат» жай ғана саяси қозғалыс емес, ең алдымен бұқаралық саяси белсенім көрінісі екендігіне ден қоятын мезгіл жетті.
«Азатты» өрлеткен көтеріліс
Келесі жылы, болып өткеніне жиырма жыл толмақшы 1991 жылғы Оралдағы қыркүйек көтерілісі – қазақ халқының ХХ ғасыр соңындағы азаттық жолында жасаған тарихи үш бұлқынысының бірі еді. Қалған екеуі:
1986 жылғы бүкілхалықтық Желтоқсан ереуілі;
1989 жылғы Жаңаөзендегі шілде көтерілісі.
Бұлардың ішіндегі Орал көтерілісінің ерекшелігі сол, ол алдыңғы оқиғалардай тосын да стихиялы түрде емес, саяси мақсат көзделіп, белгілі бір ұйымның және нақты топтың басшылығымен өз нәтижесіне жеткен айтулы да ел тарихындағы маңызды оқиға болды. Мұның байыптылығы сонда, жан-жақтан Оралға аттанғандар неге және қандай қатер болуы мүмкін екендігін жақсы білді және елдің бар аймағын қамтыған жалпыұлттық аттанысқа айналған.
Сол кезде соғыс өрті тұтанбағанның өзінде, оқиға барысында өкімет тарапынан сәйкес қауқарлық көрсетілмеген сол тұста, бәрін де күтуге болатын-ды. Егер де көтеріліс ойдағыдай аяқталмағанда, «Азаттың» батыс аймақ бойынша үйлестірушісі ретінде осы жолдар авторынан бастап, Орал облыстық бөлімінің басшысы Аманжол Зейнуллиннің, Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл облыстарының Оралға келген «азатшыл» баскерлер «заңды түрде» жауап берері де, саяси құрбан болары да анық. Сол оқиғаға қатысқан «Азат» қозғалысына мүшелікке өтіп үлгермеген сол кездегі дербес саясатшылар: публицист – Жасарал Қуанышәлин, дәрігер – Орал Сәулебаев, қоғамшыл – Дәурен Сатыбалдиев және «Невада-Семей» қозғалысының батыс аймақ бойынша үйлестірушісі – Бақытжан Әділов те, оралдық ақын, сол кездегі облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Айсұлу Қадырбаевалар да ауыртпалықты бірге тартатындықтары айқын еді.
Бір қызығы, жоғарыда аталғандары бар, басқасы бар, оралдық көтерілісті бастан аяқ басқарған 13 адам сол кезде бастарын неге тігуге де даяр болды. Бұл – көтеріліске тән басқарымның болғандығын көрсететін нақты дерек. Ал, бір өкініштісі, Алматыдағы кеудесін ұрғылаған «Азаттың» басшылары да, элита өкілдері де алдын ала шақырылғандарына қарамастан, Оралға тұяқ серіппеді. Тек қана оқиға бітіп, апа-сапа болғасын, жеңіс туы желбірегесін, дәл оқиға қарсаңында «Өскемен жақта бір жұмысы болып қалған» басшымыз жеңіс байрағын бірге көтерісуге Оралға жеткен еді…
Орал көтерілісінің әңгімеге тиек болуы мынада – «Азат» қозғалысының 1991 жылғы қыркүйек оқиғасына дейінгі тағдыры мен одан кейінгі ғұмыры екі басқа болып шыға келгендігін білдірту еді. Көтеріліс кімнің кім екенін білдіріп қойған жоқ, оқиғадан соң «Азаттың» беделі мен абыройы шарықтап, оған мүше болуға ойланып-толғанушылар мен мансаптан дәмесі барлар мүшелікке шүпірлеген кез туды. Тіпті, сол кездегі Қазақ КСР-нің президенті лауазымындағы Н.Назарбаевтың өзі Орал көтерілісіне қатысты «Азатқа» аса ризалық сезімі халық атынан білдірілген тарихи алғыс болып қалды.
Жалпы, Орал оқиғасы «Азаттың» миссиясын онан сайын жарқыратып аша түсті: ұлттың саяси белсенімі артып, рухани еңсесі көтеріліп, халықтың өзіне деген сенімі пайда болды. Ең бастысы – солтұстан төнген шекара қаупы сейілді. Горбачевтан бастап ресейлік талай шовинистердің сөзіне талғажау болған солтұстық аумағымыз моральдық және саяси бекініске айналды.
Сапырылыстың басы
«Азат» жайында қазырғы жарияланымдар оны біресе партия, біресе қозғалыс деп былықтырумен келе жатқаны рас. Шын мәнінде құжат жағынан да, мазмұн жағынан да «Азаттың» қозғалыс екені белгілі. Алайда, жұрттың назарынан тыс қалып, келе жатқан тағы бір жайт бар. 1991 жылы тамыздың соңында бір топ «азатшылдар» Семейде полигон жабу шарасымен, митингілетіп бір апта бойы жүргенде, Сәбеңнен (Ақатаев) ойда-жоқта партия құру туралы ұсыныс тасталды. Абыройы мен беделі енді нығая бастаған қозғалысты партияға айналдыру сан сауалды қоздырды. Ойланып-толғанып жүргенімізде, Алматының партия құруға дайындалып жатқанынан хабар келді. Бірақ сол кезде бізбен бірге Семейде жүрген марқұм Есенәлиев ағамыздың бұл «жеңілтектікке» жаратпай қарағаны бар.Өйткені, қозғалыс партияға айналуға даяр емес еді. Әлі саяси кадр да, ішкі ұйымдық қуат та болмады. Бірақ, Сәбең қояр да қоймай жүріп, О.Сүлейменов пен М.Шахановтар құрған Халық конгресс партиясының құрылтайымен қабаттасып, құрылтай шақыруға мәжбүр етті. Сөйтіп, ақыры өзі Қазақстанның республикашыл партиясының төрағасы болып, бірқатарымызды орынбасар етті де, қозғалысты М.Есенәлиевке қалдырды. Осылайша, қозғалыстың ҚРП «авангарды» болып шыға келді.Ақыры, бұл партия қалыптасып қарық болмады. Жергілікті жерлерде тым жақсы жұмыс істеп жатқан қозғалыстың кадрлары партия мен қозғалысты қатар алып жүру үшін екіге бөлініп, облыстағы бөлімдердің шырқы бұзылып, қозғалыс пен партияның жақ-жақ болып жіктеліп, бір бірімен айтысып, тұрымтай тұсына, балапан басына пышырау көрер көзге жүрді.
«Азатқа» келген сапырылысты әңгіме ету үшін уақыт бойынша кейін шегінуге тура келеді. Қозғалыстың партия құрылған соң қосарлы ұйымға айналуы жұмысқа жұмыс қосып, «Азаттың» бағдарлы жұмыс атқаруының орнына, жаңа құрылған ҚРП-сын тіркеумен және жаңа заң бойынша қозғалыстың өзін де қайта тіркеумен жүріп, 1991 жылдың күзін бюрократтық сүргінмен аяқтадық. Сол кездері М.Есенәлиев «Азатқа» жаңа серпін бергісі келгесін, бәріміз Жасарал Қуанышәлин, Дос Көшімовті, Хасен Қожахметті қозғалысқа мүше етуге келістірдік. Жасарал Есенәлиевке 1-орынбасар сайланып, оған қозғалысты мемлекеттік тіркеуден өткізу жүктелді. Алайда, «Азаттың» қозғалысы да, партиясы да ұзаққа созылып, жергілікті жерлердегі бөлімдер ісі кері кеткен тұс осыдан басталып, «Азаттың» басшылығы бірінен соң бірі алмасқан аласапыран мен «Азат» арқылы азды-көпті саяси сахнаға шығудың талай адамға сәті түскен сапырылысқан қым-қуыт мезгілі осылайша басталып кетті.
Бұған дейін нақты жұмысқа бағытталған 10 тармақтан тұратын ұсынысым қабылданбағандықтан, одан арғы пышыраудан қозғалысты да, партияны да құтқару мүмкін емесіне көз жеткізген өз басым, 1992 жылғы сәуірдегі құрылтайда барлық «азаттық» лауазымнан бас тартып, журналистикаға кетуге мәжбүр болдым. «Азаттың» қауқарлы қозғалысқа одан әрі болатынынан күдер үздім де, провинциялық үш басшысының (бірі – Көкшетаудағы солтүстік аймақ бойынша үйлестіруші Қ.Қабылов ағамыз) бірі ретінде, дүниеден өткен Сайын ағамыздан соң, «Азаттың» орталық басшылығынан жылыстаған Марат ағамыздан кейін, екінші болып мен кеттім. Бұл – менің ғана басымдағы емес, сол кездегі болашағынан үміт күттірер барлық қайраткерлерді тұйыққа тіреген кез еді.
«Азаттың» жаңа баскерлері
Михаил ағамыздың денсаулығы болыңқырамай, ақыры «Азатқа» басшы болып Жасарал ағамыз келді, онан соң Хасен Қожахмет пен Дос Көшім де ат басын байлаған уақыт 1992 жылдың күзі еді.
Әншейінде публицистикалық саясаттың көрігін қыздырып жүрген Жәкеңе (Жасарал) «Азаттың» қиюы қашқан жұмысын ұйымдастыру оңайға соқпады. Ж.Қуанышәлин ең алдымен жарияшыл (публичный) саясатшы еді. Оны 1991 жылғы қызыл одақтың Тамыз ыдырауынан кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясына барып сөйлеген сөзінің мәйегін, Мәскеуге барып, Қазақ КСР президенті Н.Назарбаевтың сөзіне арқау етуі, қаусаған Одақ халықтарының алдында ұлттың абыройын үстемелегені бар. Мұндай әрекет, ұлт мүддесін шынайы жақтаған саясатшыларға жарасатын, әрі бұл ұлттың азаттығы жолындағы саяси сыбайласу әрекетінің сол кездегі жағымды көрінісі еді.
Жалпы алғанда, саяси ұйымдастырушылық сол кезде қазақ саясатшыларының ішінде тек қана марқұм С.Шапағатовтың бойында мол еді. Басқалары не жазғыш, не шешен болып келетін. «Азатқа» кейінірек келген Хасекеңнің (Қожахметов) де, оның алдында өзінің «Желтоқсан» партиясының ыдырауын бастан кешкені бар. Хасен ағамыз – Қазақстанның жаңаша тарихында ХХ ғасырдың соңындағы қазақтан шыққан алғашқы саяси диссидент екендігімен орны бар тұлға. Әйтпесе, «Азат» қозғалысына оның, қозғалыстың оған бергені жөнінде зерттеушілер айта жатар.
Жақсы саясатшылар аймақтан шықса да, ол кезде мегополистің итін де дұрыс үретіндей көретінбіз де, қанша алғыр болса да, провинциялық баскерлер көзге түсе алатындай жағдай жасалмады. Ақыры, «Азаттың» ісі де, деңгейі де санаулы азаматтардың қылығымен өлшеніп қалды, тіпті, әлі күнге сондай ауқымдағы баға берілумен келеді.
Сол кездегі «Азаттық» саясатшылардың басты кемшілігі – сөз бен іске және ұйымдастыруға қатар жосылған қасиеттің зәрулігі және біз сияқты жастардың алдыңғы буын соңында иба сақтаумен уақыт ұттырғанымыз еді.
Әйтсе де, аға толқын мен жас буынның ортасын ала келген Дос Көшімнің жөні саясатта басқа. Ол қандай іске де қисынмен жүретін іс жүзіндегі тәсілқой (тактикалық) саясатшы. Бірақ, «Азат» сияқты ұйымға баскер болып кетуге оның өзінің құнты мен харизмасы аздық еткен секілді. «Азатты» сақтауға талпынған аймақтық белсенділер Дос секілді саясатшыны бағалап, басшы болуға қолқаласа да, Досекең басшылыққа баспады. Жалпы алғанда, Қазақстан егемен болғалы саясатта біркелкі аяңмен нық қадам басып ұлтқа іңкәр пиғылымен қызмет етіп келе жатқан Дос екенін атап өткен жөн.
«Азаттың» ұйуы мен іруі
Өкінішке орай, «Азаттың» Алматыдағы орталығы аймақтардағы дайын саяси күштерді біріктіру мен нығайтуды қолға алудың орнына, баскерлер (лидер) өзара қыжылдасумен біршама уақытты өткізді де, саясатқа қажетті уақыттық факторды пышыратты. Мәселен, жеті төрбасшының тек қана үшеуі: Михаил Есеналиев, Сәбетқазы Ақатаев және Сайын Шапағатов 1991 жылдың күзіне дейін қалды да, бұл уақытқа дейін қалғандары: Нұрбақыт Қойшыбеков, Евгений Головастиков, Марат Шорманов және Гүлжахан Биболдинова «Азаттан» бірте-бірте сытылып шығып болды.
Бұл төрбасшылардың ішіндегі іскер ұйымдастырушы ретінде Сайын Шапағатов пен Марат Шормановты бөле жара айтқан жөн. Бұлардың екеуі де кеңестік партия жүйесінің қыр-сырын ғана емес, шаруашылық жүйесін меңгерген адамдар еді. Қазырғы кезде бұл қасиет талай саясатшыларда жетіспей жатыр. Әсіресе, «Азаттың» ортасын ойсыратқан жайт – нағыз икемді де тәсілқой саясатшы Сайын мырзаның 1991 жылы желтоқсанда Тәуелсіздік мерейін көре алмай қайтыс болып кетуі. Ал, Марат ағамыз «Азаттың» ішкі құрылымы мен шаруасын дөңгелетіп, тіпті қызметкерлерді қалыптастырып, мамандар әзірлей бастаған еді. Мысалы, 1991 жылдың мамыр айынан бастап, «Азаттан» еңбекақы алатын аймақтардағы екі адамның бірі болып, елдің батыс аймағы бойынша алты облыстың үстінен «Азаттың» үйлестірушісі болдым, Қажыбай Қабулов ағамыз солтұс бойынша үйлестірушілікке тағайындалды. Алайда, 1991 жылы Мәкең «Азаттан» Халық конгресс партиясына кеткесін, қозғалыстың ішкі әлеуеті пышырап, жағдай мүшкіл күйге түсті.
Марқұм М.Есенәлиев ағамыз, нағыз ойшыл да мәдениетті, ақсүйек дипломат болатын. Жасының ұлғайып, сырқат меңдегеніне қарамастан, «Азаттың» бір қамтушысы болып қанша жүрді, десеңізші! Ол «Азатты» бүкілқазақстандық ірі саяси күшке айналдыруға барын салып, сол үшін елдегі ауызға ілінген саясатшыларды қозғалыс төңірегіне жыйнақтаумен болды. Алайда, оны жақтырмаған да күштер өз дегенін істеп бақты. Өйткені, Есенәлиевке шынайы ұлттық әрекет керек болса, қарсы күштерге ең алдымен өздерінің жеке абыройы мен амбициясын қанағаттандыру қажет еді.
Нұрбақыт ағамыз қоян-қолтық жүрмесе де, сырттай барынша тілектес болып, өзінің жоғарғы мемлекеттік лауазымына қарамастан, «Азатты» өбектеумен жүргені рас еді. Алайда, сырттайлықтан жалықты ма, әлде «Азаттың» басына төне бастаған бұлттан шошынды ма, ақырында ол да мүлдем алшақтады.
Ал, Евгений Головастиковтың миссиясы әуелден «Азаттың» бүкілқазақтық емес, бүкілқазақстандық қозғалыс құру идеясын толтырушы тұлға болу еді. Алайда, оның «Азаттан» алшақтауына жалғыз орыстекті Головастиковты кінәләу әділетті болмас. Шамасы, оның жылыстауына кінәні сол кездегі бірыңғай қазақы ауан жасақтаған кейбір ағаларымыздың әрекетінен іздеген дұрыс.
Гүлжахан Биболдинова келе-келе қазақы саясатшы әйелдердің біріне айналған болар еді. Ол да өкінішке орай, Мәкеңмен бірге Халық конгресс партиясын сағалап, қара үзді. «Азаттың» бар ауыртпалығы мен кемшілігін өз мойнына жүктеген бір тұлға бар, ол – Сәбетқазы Ақатаев ағамыз екенін айтсақ, оның өзіндік сыры бар. Сәбең Қазақстанның біршама жерін аралап, тілі мен жағын да, аяғын да аямай, талай ауыл-аудандарға сапаршылап, бұқараның назарын «Азатқа» бұрған қозғалыстың бірден бір қара жұмыскері екені рас еді. Мұндай сапарлар Сәбеңді шынында да, елдің шалғай аудандарында көз бе көз саяси жалғыз тұлғаға айналдырды. Оның кейпін қарапайым қазақ бұқарасы алдында Махатма Ганди деңгейіне жеткізді. Оның үстіне, Сәбеңде қазақтілді саясатшылардың қай қайсысында бола бермейтін көпшілікті ұйыта сөйлейтін шешендік қабылет бар еді. Ол өзінің сол дарынымен-ақ, талай рет «жадау биеге жабу жауып құлынын алған» (бұл да соның өз мәтелі) болатын.
Шамасы, осы жайт Сәбетқазы ағаны «Азаттың» бірден бір басшысы болып қалу пиғылына итермелесе керек. Оның үстіне, сол кездегі билік те қарап жатпаған еді, күн санап өсетін Алпамыс секілді «Азаттан» сескенудің билік тарапынан болғандығы рас, сондықтан да өздеріне бірден бір теңдесу мүмкіндігі туа бастаған «Азат» секілді саяси күштен құтылу ниетінің туындауы табиғи болатын. Осы жайттардың бәрі біріге келіп, Сәбеңді «Азаттың» алғашқы бастамашыларын ұжымдастырудың орнына «басты баскер» болуға итермелегендігі рас. Алайда, оның қолда бар әлеуетті ұжымдау қабылеті бұл талапты көтере алмады.
Сөйтіп, бұл жайт әлеуетті «азатшылдардың» пышырауына түрткі болды десек, ағат емес. Әйтпесе, басында ақсақалдар алқасына сайланған Жағда Бабалықұлы, Қамал Ормантаев, Әминә Нұғыманова, Мардан Байділдаев, Мақаш Тәтімовтардың беделі мен күш-қайратын қосып еселеуге болар еді. Айта кететін қынжылысты бір жайт, «Азат» қозғалысының бөлімдері барлық облыстарда құрылып, аяғынан тік тұрғанға дейін Алматының өзінде бөлімнің ең соңынан пайда болуы. Мұның барлығына кінәні алматылық басшылықтан іздемей, кімнен іздеу керек? «Азатқа» кезінде өздерінің ақыл-ойлары мен парасат-қауқарларын қоса алмаған, самарқаулық танытқан ұлттық элитаны кінәләмағанда, қайтеміз?
«Азаттың» тұяқ серпуі
1993 жылы шілде айында Ақтөбе облыстық бөлімінің беделі мен ықпалының елеулі болғандығынан болар, «Азаттың» республикалық деңгейдегі белсенділері Ақтөбеге жиналып, қозғалыстың одан арғы тағдырын шешу мәселесін арнайы республикалық мәслихат шақырып қарады. Конференция барынша салиқалы өтті деуге болады. Тіпті, ол мәслихатқа сол кездегі лауазым иесі, кәзіргі мемлекет қайраткері Асылан Мусин секілді азаматтар да қатысты. Сол жолы жақсылықтың ырымы болған нәрсе – белгілі «Азат» қайраткерлері Айсұлу мен Жасаралдың қосылу тойы да сол жолы болған-ды.
Конференцияда бірқатар белсенділер «Азатты» құтқарудың бір жолы – оның орталық органын облыстарға алма-кезек алты айлық басшылыққа беріп, өтпелі кезең тағайындап, оны Алматының итырқылжыңынан құтқаруды ұсыныс еттік. Бұл нұсқаға балама ретінде «Азатты» «Отан» атты партияға айналдыру да ұсынылды. «Азаттың» аталмыш мәслихаты орынды уақытта өтіп, тиімді ұсыныстарды алға тартқанын бағалап, риза болған жұрт Ақтөбені «Ақылтөбе» атағанымен, орталыққа деген алаңдаушылық көп адамдарды нақты шешім қабылдауға мұрсат бермей, еріктеріне тұсау салды да, бар болғаны – күзде құрылтай шақыруға шешім қабылдатты.
Шын мәнінде, бұл конференция «Азатты» күйреуден құтқаруға тиісті бірден бір мұрсат болатын, алайда, ол өзін ақтамады. Оған басты себеп – «азаттықтардың» соңғы жылдары нақты жобамен айналысудың орнына кешкен ішкі сергелдеңнің кесірінен ситуацияны нақты бағалау мен соған сәйкес батыл шешім қабылдауға саяси жағынан пісіп-жетілмегендігінен еді. Мұның соңы олардың мәселені шеше алмай, кейінге ысыруынан көрінді. Ақырында, бұл мәслихаттың шешімі бойынша шақырылған күзгі құрылтай «Азаттың» басын біріктіруші емес, пышыратушы болып шықты да, қайран ұйымның «мүрдесін» ақырында тарихқа дұрыс «жерлеуді» де бұйыртпады. «Азат» атауын әлі күнге жұлмалап, көрінген ұйым талғажау етуін осыдан көруге болады. Бұған бірді-екілі адамды кінәләу дұрыс емес, кезінде дұрыс та принципті шешімдердің қабылданбауы арқылы сол кездегі «азатшылдардың» бәрінің мойнына белгілі бір дәрежедегі ортақ кінә тағылған еді. Шындық сол – уақыт талабына сай объективтік пісіп жетілімнің жоқтығынан болатын.
Сөйтіп, «Азат» қозғалысы өзінің тұяқ серпуін біртұтас саяси ұйым ретінде 1993 жылдың күзінде жасады деуге болады. Бірақ бала-бажыр болып өткен құрылтай дәйекті шешім қабылдап,, қозғалысты даңғыл жолға сала алмады. Осылайша, бір жылға созылған «азаттық» сергелдең, оны мөрін Хасен Қожахметке тапсырып тынды. Мөрге талас та ұзаққа созылғаны белгілі.
Одан кейінгі кезеңдердегі әркімнің «Азат» атынан бой көрсетуі, әншейін оның атауын орайы келгенде қолданып қалу пиғылынан туған жайттар еді. Солай болды да, тіпті, «Азат» атын жамылып, ішінара Парламентке де депутаттар сайланды. Біршама азаматтар аудандық деңгейдегі әкім де болды. Ақтөбедегі облыс пен қала, ауданның кейбір әкімдерінің өздері «Азаттың» әрбір жиналысынан қалмай, сол кезде «тонның ішкі бауы» болуға тырысып, араласқандарын қазыр мойындағысы да келмейтіні рас. Осылайша, бұл қозғалыс кейбіреулер үшін лауазымға ие болу жолындағы секіргі болып, жеке мүдде мен саяси сауданың қақпақылы ретінде де пайдаға асты.
Алайда, жергілікті өңірлердегі «азаттық» сарбаздар өз ұстанымы жолында тері мен білігін аянбай, тырмысып бақты. Бірақ бірыңғай саяси-ұйымдық жүйенің жоқтығы «Азаттың» түбіне жетті.
Қорытым
Айтылған жайттар, әсіресе, «азатшылдар» үшін оңай тимесі анық. Өйткені, «Азаттың» дүниеден озғанын мойындамастан, оның атын саясатқа әлі де қолдануға болады деушілер бар. Алайда, одан нақты пайда болмаса, қолбасшының өлгенін майдандағы сарбаздың бәрібір еститіні секілді, әйтеуір, бір кезде өлген мүрдені жерлеу деген болмайтын ба еді? Бұрынғы «Азат» қозғалысы дәурендеген кезең келмеске кетіп, уақыттың басқа тарпаңын ерттейтін, бәлкім, шақ туған болар.
Тарихты қадырлау саясатқа да жат емес, әйтпесе, ардақты атау «Алаштың» сілікпесін шығарардай, кәзіргі кезде сол атаулас партия құруға не қажеттілік болар еді? Егер сол деңгейлі партия болып шықса – бір сәрі, ал олай болмағанда, оны пародия еткендей әрекет жүріп жатқанын көресің де, қайран Рухтың қор болғанына қынжылудан басқа амал қалмайды. Бар айтарымыз да сол болатын – қасиетті Рухты көтере алмасақ, оны қор қылудан қашқанға не жетсін!
Ал, Рух болса қашан да тек Шындық мекендеген көкіректе ұялап, балапан өргізетінін ескерсек, сол Шындықтың шыңғырмауына аз да болса, қол ұшын бергіміз келген еді. Бәлкім, келесі буын «Азаттың» мақтаныш етер тұсын талғажау етіп, үркітер қылығынан алшақ жүріп, ұлттың рухын жалауша желбіретер… Қайткенде де, ақиқаттың Алланың тынысы екенін ұмытпағанымыз абзал ғой.
Серік Ерғали,
Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының 1991-1992 жылдардағы Батыс аймақ бойынша үйлестірушісі
30.06.2010 at 2:01 pm
Казакке осындай шынайы пкр мен акпар жетспейд.Мыау тарихи очерк екен
30.06.2010 at 10:11 pm
Иә шынында да “Азатты” дұрыс жерлеменіміз де өкінішті! Соның арқасында Бутялар жүр Азат деген қасиетті атты былғап.
07.07.2010 at 1:59 pm
“Азат” пен “Алашты” тарихқа бірге енгізу керек
23.07.2010 at 7:02 pm
Дұрыс та шынайы жазылған. Жаңа тарих деген осы!