Ауылдан келген жастарға араша қайда?

Әдетте әділдік іздеген жұртшылықтың ең соңғы ашар есігі – бұқаралық ақпарат құралдары. Медет Жүсіпов те редакциямызға құрылыс басында айырылған бір аяғын жоқтап келген еді. Алматыдағы бизнес орталықтарының бірінде «Джулия» серіктестігіне жалданып жұмыс істеген 24 жасар жігіт лифтінің аяқ астынан іске қосылып кетуінен бір аяғынан айырылған.

Бұл оқиға 2009 жылдың қыркүйек айында орын алған. Лифт пен қабырға арасына гипсокартон жапсырып жатқан жігіттің аяғын кенеттен іске қосылған лифт жұлып кеткен. 2009 жылдың қыркүйек айынан бері арада біршама уақыт өтсе де, құрылыс басында өндірістік жарақат алған жігітке жұмыс берушілер тарапынан ешқандай өтемақы да, жәрдемақы да берілмеген. Себебі жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек келісімшарты жасалмаған. Амалы құрыған мүгедек жігіт сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Алғашқы сот отырысында-ақ Медетті жұмысқа жалдаған «Джулия» серіктестігі еңбек келісімшартының жоқтығын алға тартып, жауапкершіліктен құтылудың амалымен, тіпті, «бұл жігітті мүлдем танымаймыз, бізде мұндай жігіт мүлдем жұмыс істемеген» деп тайқып шықса, енді бірде бар кінәні «Алматылифтке» жапты. Ал Медеттің аяғын жұлып кеткен лифтіні орналастырып жатқан «Алматылифт» компаниясы «біз лифтіні орналастырып, жайымызға кеткенбіз» деп іргені аулақ салды. Осылайша тізеден төмен жұлып кеткен аяқтың құнын төлеуге келгенде екі компания да бастарын ала қашты. Тіпті қайғылы оқиға орын алған күні Медетті шығарысуға көмектескен күзетші мен бірге болған жұмыстасы да алғашқы соттарда куәгерлікке жарамады.

Бейсенғали БАЙДҮЙСЕНҰЛЫ, адвокат:

– Қалада тұрақты тіркеуі жоқ ауыл жастары жұмысқа заңды келісімшартпен емес, ауызша келісім арқылы ғана орналасады. Ал бұл кейде жұмыс беруші жалақы бермей қойған жағдайда, оны өндіріп алуға, оқыс оқиға бола қалған жағдайда олардың құқын қорғауға кедергі келтіреді. Ауыл жастарының заңдық сауатсыздығы әрі орыс тілін білмеуін жұмыс берушілер өз мүддесіне тиімді пайдаланып отыр.

Алайда кейінгі сот отырыстары барысында куәгерлер табылып, барлығы дәлелденетінін байқаған «Алматылифт» компаниясы мен «Джулия» серіктестігі екіжақты келісімге келуге шақырып, Медет Жүсіповке 1 800 000 теңге өтемақы төлеуге келісті. Осылайша бір жылға созылған айтыс-тартысқа нүкте қойылды. Айта кетер жайт, 1 800 000 теңге Медеттің бір жолғы протезіне ғана жетеді. Өмірбойына мүгедек болып қалған жігіт бұдан былай мемлекет тарапынан тағайындалған азын-аулақ жәрдемақыны кейінгі протезіне қалай тартса да жеткізе алмасы белгілі. Ал мұның сұрауы кімнен? Айта кетер жайт, бүгінгі қоғамымызда Медет секілділердің қатары өте көп.

Медет ЖҮСІПОВ, құрылыс нысаны басында өндірістік жарақат алған жұмысшы:

– Осы ақшаның өзін өндіріп алғаныма қуандым. Бұл өтемақыға бір реттік протез орнатармын, ал ертеңгі күні не істерім әзірге бұлыңғыр болып отыр. Бүгінгі қоғамда жұмысшылардың еңбек құқының қорғалмауы мен секілділердің құқының тапталуына әкеліп отыр. Мәселен, жұмыс беруші кейде келіскен ақшаны төлемей қояды, немесе кейде жұмысты істетіп алып қолыңа болмашы ақша ұстатып жібере салады. Сондай-ақ жұмыс беруші мекемелер әр нәрсені сылтау қылып, ауыл жастарын еңбек келісімшартымен жұмысқа алмайды.

Бұл жерде ең қиын мәселе Медет Жүсіповтің «Джулия» компаниясымен ешқандай еңбек келісімшартына отырмағаны болып тұр. Бұл – бүгінгі қалаға қара жұмыс іздеп келген ауыл балаларының барлығына тән үрдіс. Ауылда екі қолға бір күрек таппаған жастар, амал жоқ, қалаға ағылады. Қалада тұрақты тіркеуі жоқ жастарға «қара жұмыстан» «артығы» жоқ. Тұрақты тіркеуі жоқ жастар жұмыс тапқанына мәз болып, жұмыс берушіден еңбек келісімшартын жасасуды талап етпейді. Ал оқыс жағдай орын ала қалған жағдайда жұмыс беруші ресми түрде, қағаз жүзінде ондай жұмысшымен еңбек келісімшартын жасаспағанын айтып, тайқып шыға келеді. Сондай-ақ құқықтық сауаты жеткіліксіз жастар көбінесе жұмыс берушінің денсаулығына келген залалдың өтемі ретінде аурухана шығынын өтегеніне-ақ «риза болады». Одан артықты талап етуге еңбек келісімшарты болмағаннан кейін жұмысшы да қауқарсыз. Осылайша бүгінгі қоғам ауыл жастарын ауылдан жұмыс тауып бермей бір қинаса, қалада тиесілі құқының қорғалуын қамтамасыз ете алмай екі қинап отыр. Оның үстіне биылдан бастап Алматы қаласында тұрақты тіркеуге тұруға шектеу қойылды. Кеңес үкіметі тұсында қазақтардың қалаға тұрақты тіркеуге тұруы қиынның-қиыны болатын. Бүгінгі күні дәл сол жағдай тағы да қылаң беріп отырғандай. Қалаға жұмыс іздеп келетіндердің барлығы қазақы ауыл жастары екенін ескерсек, бұдан былай да тұрақты тіркеуі жоқ, талай қазақ жастарының құқығы тапталатыны сөзсіз.

Тұрақты тіркеудің болмауы қазақ жастарының жұмысқа орналасудағы басты мәселесі. Өйткені тұрақты тіркеуі жоқ азаматты қалада жұмысқа алмайды, ал алған күннің өзінде ауызекі келісіммен немесе жалақысы төмен ауыр жұмыстарға жегеді. Өз құқын өзі қорғай алмайтын, орыс тілін білмейтін, қалада тұрақты тіркеуі жоқ ауылдан келген қазақ жастары жұмыс берушілердің оң жамбасына дөп келуде. Өкініштісі сол, оларға ара түсуге заңның өзі қауқарсыздық танытады. Жұмысшылардың еңбек құқығының тапталуына сан түрлі мысал келтіруге болады. Мәселен, Алматы қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде жұмысшылардың жалақы алатын банкоматтық карточкасын, құпия кодымен қосып жинап алған құрылыс басшысы банкоматтық карточка иесі мен банкомат арасында делдал болып отырғанын естігенде не сенерімізді, не сенбесімізді білмедік.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, соңғы бес жылда жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі біршама дұрысталып, өндірістік жарақат алу – 35, ал ондағы болатын өлім 14 пайызға азайған көрінеді. Алайда статистикалық көрсеткішінің төмендеуін құрылыс қауіпсіздігінің сақталғанынан емес, құрылыс нысандарында жұмыстың дағдарысқа байланысты тоқырағандығынан деп түсінген дұрыс шығар. Жұмыс барысында жарақаттанғандарды айтпағанда орташа есеппен елімізде күніне бір жұмыскер еңбек алаңында көз жұмады екен. Атап айтқанда, олардың басым бөлігі құрылыс нысандары, металлургия мен кен орындарында және машина жасау өнеркәсібінде опат болады екен. Сондықтан тәуекелге бел буып, қауіпті аймақта жұмыс істейтіндердің еңбек құқықтары мен ауылдан келіп жалданатын қазақ жастарының еңбек құқығын қорғауды одан әрі жетілдіру бүгінгі күннің басты талабына айналып отырған секілді.

Қуаныш Әбілдәқызы

http://www.alashainasy.kz/?p=40096

Subscribe to Comments RSS Feed in this post

One Response

  1. Бұл біздегі заңдардың тамыр-таныстыққа негізделгенін көрсетеді. Анау “Джулия” фирмасы соттың өзіне барып, “біздің келісім шартымыз болған емес” деп ашық жариялайды. Әрі соны заңнан қорғану ретінде қолдауға тырсыды. Оны сот та ескереді. Сөйтіп, ақыр соңында, зардап шеккен адам “шаррты талап етпегендіктен, оған қатысты қорғау амалдарын жүргізуге сот дәрменсіз” деген вердикті қолына ұстап, жөніне кетеді. Бірақ, Заң бойынша Шартқа отыру ең алдымен жұмыс берушінің жауапкершілікті міндеті. Ол компанияда өз заңгері, кадрлар бөлімі Шартқа отыруды міндетті санамаса, оны алаяқтық деп бағалап, оларға қатысты жаза қолдану қажет қой! Бірақ біздің соттар олай жасамайды, көбіне…

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*
*