Қазақстандық сөз бостандығы мен ақпарат теңдігі

Елдің сөз бостандығы БАҚтардың бостандығымен өлшенеді. Ал, БАҚтардың бостандығын қандай көрсеткіштер анықтайды? Нақтылай атасақ:

  • бұқаралық ақпарат құралдарының заң мен ықпал жүзіндегі орынсыз шектелмеуі;
  • биліктегі үдерістердің БАҚ тарапынан бақылауда болуы, яғни биліктің БАҚтарға біржақты ақпараттың ұсынылуы емес, олардың сұранысының толық қанағаттандырылуы;
  • журналистердің материалдық жағынан тәуелсіз болуы.

Қазақстан БАҚ-ы тілге байланысты екі түрлі топты қамтып отыр. Елдегі орыстілді БАҚтар барынша еркін, ықпалды және материалдық жағынан молынан қамтылған. Ал, Қазақстандағы 60 пайызды қамтитын қазақтілді ақпарат тұтынушыларын қазақтілді БАҚтар ақпаратпен ойдағыдай қанағаттандыра алмай отыр, соның кесірінен қазақтілді бұқаралық ақпарат тұтынушыларының саны мен сапасы құлдырап, оның есесіне орыстілді БАҚтар гүлденуде. Өйткені, орыстілді аудиторияны қазақстандық БАҚтармен бірге заңсыз түрде ресейлік БАҚтар да экспанциялық сипаттағы мүмкіндігімен қамтуда. Бұл туралы Парламентте де ресми мәселе көтерілуде. Сондықтан да сөз бостандығы азаматтардың ақпаратпен әділетті түрде қамтылуы жөніндегі аспект ретінде де қаралуы керек.

Қазіргі кезде Қазақстандағы қазақтілді БАҚтардың бостандығы жөніндегі әңгімеден гөрі қазақтілді БАҚтарды құтқару мәселесі пайда болып отыр. Оларды неден құтқару керек?

  • қаражаттық кіріптарлықтан: елдегі жарнаманың 100 пайызы орыс тілінде беріліп, кейбіреуі ғана қазақшаға амалсыз аударылады, соған сәйкес қазақтілді БАҚ жарнамадан табыс таба алмауда;
  • саяси-идеологиялық кіріптарлықтан: қазақтілді журналистерді мамандыққа даярлайтын оқу орындарының бір-екеуінен басқасы қазіргі заманғы журналистиканы меңгермеген, кеңестік әдістемеден арылмаған, тоталитарлық санадағы насихатшылықтан ада болмай отыр;
  • біліктілік кіріптарлықтан: қазақ журналистері ескі әдістемелік оқу жүйесімен, практиканы меңгермеген күйі диплом алып шығуда, олар өздерінің қоғамдық миссиясын күнкөріспен ғана шектеуде, төртінші биліктің тұтушысы болу қабылетінен айырылған кеңестік мұғалімдер сабақ беруде.

Сөз бостандығы азаматтық қоғам дамуының басты күтілген нәтижелерінің бірі болуға тиіс; бұл тараптан алғанда, қазақ журналистикасының дамуына мониторинг жасалмақ түгілі, оны дамыту бағдарламасы жоқ. Керісінше, журналистиканы тәуелділікке итермелейтін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс деген желеумен атқару билігінің шараларын біржақты насихаттауға арналған ақша мен сыйлық үлестіріледі.

Осылайша, қазақтілді ақпарат тұтынушылар дүбәрәлық (маргиналдық) ахуалдың құрсауында қалуда. Еліміздегі сөз бостандығы азаматтардың ақпараттық теңсіздігі ретінде көрініс беруде: қазақтілді болсаң – сөз бен ақпаратқа жарымайсың, орыстілді болсаң – керісінше. Бұған елді ақпаратпен қамтитын БАҚтардың үлесі тіл бойынша  10 да 90 пайыз екенінен көрінеді және бұл жан түршігерлік жағдай! Бұл жайт қоғамдағы басты мәселе ретінде қаралатын уақыт жетті. Бұл жайында кезінде марқұм қарт журналист Ақселеу Сейдімбек әділетті әрі шынайы мәселе көтерген еді. Ендігі басты серпілісті қазақтілді ақпарат тұтынушы қоғамнан, қазақтілді БАҚ  баскерлерінен (лидер) күтеміз.

Елсерік

Subscribe to Comments RSS Feed in this post

One Response

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*
*