Бүгін F тобындағы командалар соңғы ойындарын ойнаған болатын. Осы топтың фавориті саналған Италия құрамасы сүреңсіз ойнап, екі ойыннан екі ұпайды әрең алса да (Жаңа Зеландия мен Парагваймен болған матчарда 1:1-ден тең түскен), көпшілік аппениндіктерді соңғы топтық ойында ышқына бір-ақ атып, словактарды жеңетін шығар деген. Бірақ әлем чемпиондары ойынның тек соңына таман ғана жанталасып екі гол соққандары болмаса, олардың бабында емес екендігін көрсетті.
Есесіне Словакия құрамасының шабуылшысы Роберт Виттек екі доп соғып дублімен өрлесе, жартылай қорғаушы Камил Копунек 3-ші доп авторы атанып словактарды кәміл сеніммен жеңіске жеткізді.
Жарнамасы мен ПиАры күшті италияндықтардың екі добын кім соққанын айтып жату маңызды емес! Өз деңгейінде ойнай алмаған олар үйлеріне қайтуға жиналулары тиіс.
Осы топтағы Парагвай мен Жаңа Зеландия ойынында есеп ашылмады. Осылайша топта 1-2 орындарға ие болған Парагвай мен Словакия футболшылары 1/8 финалға жолдама алды. Сөйтіп өткен әлем біріншілігінің екі финалисі биылғы финалды теледидардан тамашалайтын болды.
Кездесу соңында жеңімпаз команданың бас бапкері Владимир Вайсстың бағы жанып, мәре-сәре қуанса, италияндық тәлімгер Марчелло Липпи әріптесін құттықтауға да жарамастан алаңнан бірден тайып тұрды.
F тобының қорытынды кестесі
Парагвай – 5 ұпай
Словакия – 4 ұпай
Жаңа Зеландия – 3 ұпай
Италия – 2 ұпай
Сонымен бірге мына топтарда ойындар аяқталып, плей-оффқа алғашқы қос командадан шықты:
| А тобы | В тобы | С тобы | D тобы |
| Уругвай – 7 ұпай Мексика – 4 ұпай ОАР – 4 ұпай Франция – 1 ұпай |
Аргентина – 9 ұпай Оңт.Корея – 4 ұпай Грекия – 3 ұпай Нигерия – 1 ұпай |
АҚШ- 5 ұпай Англия – 5 ұпай Словения – 4 ұпай Алжир- 1 ұпай |
Германия – 6 ұпай Гана – 4 ұпай Австралия – 4 ұпай Сербия – 3 ұпай |


25.06.2010 at 10:19 am
Франция, Сербия… енді Италия… әлем чемпионатымен қош айтысты. Біз жаңа әлем үздігін анықтаймыз биыл. Осыдан төрт жыл бұрын бар қарсыласын жапырған Италия бұл жолы Парагвай мен Жаңа Зеландия, Словакияға шамасы жетпей топтың соңында қалды. Есесіне, Словакия ерледі. Бүгінгі ойында шиыршық атқан Владимир Вайсс шәкірттеріне тек сәттілік.