Финалға дейінгі финал. Англия һәм Германия. Бүкіл әлем жұртшылығы аса тартыс пен шиеленіске толы матч күткен еді. Тіпті көгілдір экран алдына отырарда өзімізді 90 минутқа емес, 120 тіпті 130 минуттық кездесуге дайындадық. Матч аса тартысты өтті. Десекте жасыл алаңда шиеленіске толы жағдай орын алған жоқ. Көреміз деген қосымша уақыт һәм матч соңындағы пенальти сериясын тамашалау бақыты бұйырмады бізге.
Германиядан оңбай «таяқ жеген» соң ағылшындар футболды ойлап тапқандарына өкінген болар. Әлемдік сынға тек бас бәйге үшін келген Капелло шәкірттері енді ауылға билет ала берсе болады.
Шыны керек, бүгін ағылшын халқы үшін сәтсіз күндердің бірі. Бұл жеңілісті бәлкім Англия жұрты тарихтағы «жүзжылдық соғыстағы» күйреумен теңестіріп жатса таң қалмаңыз. Қазір Англия футболының «жұлдызды» шағы. Дәл осындай мықты құраммен орта жолдан сүріну Англия футболы үшін орны толмас өкініш. Ал «неміс машинасының» жүрісі қатты. Ағылшын қақпасының алдын шаңға бөккен Клозе, Мюллер, Өзіл сынды мықтыларды тоқтатар ағылшындық қорғаушы табылмады. Қақпаның кілті сеніп тапсырылған Джеймстің ойын деңгейі өте төмен екені де көзге ұрып тұрды. Джонсон, Коул, Терри сынды тас қамал қорғаушылардың өздері алаңда білгенінен жаңылды. Құдды, жасыл майданда Германия мен ортаңқол Албания немесе Лихтенштейн құрамасы ойнап жатқандай көрінді. Капелло шәкірттері есепті қысқартқанда «міне, ағылшындар енді қамшы басты» дегенбіз. Тіпті Лэмпард соққан таза голды екінші голды есептемегенде төреші Ларрионданы қарғаған жұрттың қатарын санау мүмкін емес шығар, сірә. Бірақ немістер таблодағы есепті еселеп, таза жеңіске қол жеткізді. Егер кездесу 2:1 есебімен аяқталғанда Англия төреші есептемеген екінші голды жоқтап, ФИФА-ға шағым түсірер еді. Енді Капелло бастаған Англияға шағым жасаудың еш пайдасы жоқ. Таза жеңілісті мойындаудан басқа шара қалмады Англияда.
Германия – Англия – 4:1 (2:1)
Голдар: Клозе, 20 (1:0). Подольски, 32 (2:0). Апсон, 37 (2:1). Мюллер, 67 (3:1). Мюллер, 70 (4:1).
Германия: Нойер, Фридрих, Лам, Мертесакер, Боатенг, Хедира, Швайнштайгер, Езил (Кисслинг, 83), Мюллер (Троховски, 72), Подольски, Клозе (Гомес, 72).
Англия: Джеймс, Джонсон (Райт-Филлипс, 87), Коул, Терри, Апсон, Джеррард, Лэмпард, Бэрри, Милнер (Коул, 64), Руни, Дефо (Хески, 71).
Ескертулер: Фридрих, 47. Джонсон, 81.
Төрешілер: ЛАРРИОНДА, Фандино, Эспиноса (бәрі – Уругвай).
http://www.alaman.kz/?p=9008