Қазақ эпосындағы Астана образы

Әрбір мемлекеттің мерейін мәртебелі ететін киелі нышандары мен елдік рәміздері болады. Олар: мемлекеттің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны. Сондай-ақ мемлекеттіктің басты белгілері сол ұлттың тілі, халық саны, негізгі тұтынатын діні және елдің бас ордасы – астанасымен ерекшеленетіні ежелден қалыптасқан бұлжымас қағида.

Тәуелсіз қазақ елі де өз тарихының бел-белестерінде сан-қилы тарих санағын бастан кешіре отырып, ұланғайыр Еуразия өлкесіндегі бірнеше белгілі кенттерді, шырайлы шаһарлар мен қамалы берік қалаларды Ордабасы етті. Тарихқа көз жібергенде, қыпшақ ұлыстарының орталық қалалары көбінесе, Сарай, Сарайшық, Ақсарай, Сарай-Берке деп аталғанын көреміз. Бұл атаулар, әсіресе, Алтынорда, Ноғайлы кезеңіне тән. Жошы дәулетінің дамыған, гүлденген кезеңінде оның басты шаһарының бірі – Гүлістан-Сарай болғандығын білеміз. Орта ғасырда түркі тайпаларының орталық қалалары – Қашқар, Баласағұн, Тараз болса, Қазақ хандығының негізгі орталығы Ташкент пен Түркістан екендігі тарихтан мәлім. Қайсы бір уақытта Сыр бойындағы Сығанақ, Жаңкент, Отырар тәрізді көне қалалар да мемлекет ұстыны – ел ордасы қызметін атқарды. Сонымен бірге қазақ хандарының ел жайлауға көшкенде орныққан ордабасы атанған құтты қоныстары Қаратау маңында, Сарыарқадағы Ұлытау мен Көкшетау өңірінде кездесері күмән туғызбаса керек. Алайда, қазақ халқының ықылым заманнан бергі ұзақ ғұмырында ұлт жадынан өшпей, үнемі жаңғырып, келер ұрпақ санасына сәуле түсіріп келген қасиетті де қастерлі Елорда қатары мұнымен шектелмейді. Сонау Алтын Орда, Дешті-Қыпшақ, яки Жошы ұлысы, одан соңғы Ноғайлы жұрты мен Қазақ хандығының тұсында ұлтымыз айрықша ұлықтаған тағы бір тұлғасы биік, тұғыры берік құтты байтағымыз болған. Бір ғажабы, оның аты да дәл қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның Елордасы  секілді Астана аталған. ХІV–XVII ғасырлардан жеткен тарихи деректерге қарағанда бұл шаһар Алтын Орда құрамынан шығып, жаңадан дербес, азат Алаш мемлекетін құруға ұмтылған қыпшақ тайпаларының ілкі орталығы – берік бекінісі бар іргелі ордасы болғанға ұқсайды. Сірә, Астана қаланың түп негізі Жошы ұлысы құрылғанға дейін-ақ бой көтеруі мүмкін. Ал Әбілхайыр хан билеген  Дешті Қыпшақ дәулетінің дәурені оза бастаған кезде Астана «қазақ» атанған, қырға шығып, қиыр қонған «Алаш» ұранды жұрттың бас қаласына айналған еді. Тіпті, Астана ХІV ғасырдың соңын ала тарих сахнасына шыққан қуатты Ноғайлы хандығының Азау, Астрахан (Хажы–Тархан) сынды орталық қалалары тәрізді Қыр қазақтарының өзіне хас рухани әрі саяси байтағы болса да ғажап емес. Себебі, алғашында Едіге би әулетінен тараған Мұса ұрпақтарының кейбіріне, мәселен Жүсіп пен Шейх–Мамайға жартылай бағынышты болған қазақтар Жәнібек, Қасым, Хақназар хандар тұсында біржола дербестік алды және саны жағынан еселене түсті. Бұл тұстағы қыпшақ – қазақ жұртының Бас Ордасы – Сарайшық пен Астана екендігіне талас болмауға тиіс. Әйтсе де, қалмақтардың үздіксіз шабуылы, ноғайлы-қазақ арасындағы дүркін-дүркін өткен дүрдараздық қақтығыстардың нәтижесінде заманының заңғар туындысы – Қыр қазақтарының ғана емес, алты Алаш азаматтары ардақтаған Астана астан-кестен болып қирады. Бірақ, қазақ сахарасының тұрғындары әуелгі Астанасын ғасырлар бойы естен шығармай, ұлықтап келді…

Әдетте, қазақтар өз қаласын Астана – Байтақ деп атаған. Кейде  Абат–Байтақ атауын да ұшыратамыз. Жалпы, «астана», «байтақ» сөздері парсы-иран тілдерінен енген. «Парсыша-қазақша сөздікте» (1974) «астана» – 1. босаға. 2. патша тұратын қала, байтақ. 3. орталық деген мәнге ие. Ал «байтақ» екі сөзден бай (пай) – аяқ, табан, тірек және тақт – патшалар орны, биік, мәртебелі орын деген ұғымдарды біріктіріп, «астана, патшаның ордасы» мағынасын меңзейтіні көрсетілген (Сонда, 67-бет). Бұл арада қазіргі түркі тілдерінде бар стан, ұстын (үстін) сөздерінің төркіні де астана сөзімен қарайлас бір түбірден шыққандығы аңғарылады.

Айта берсе, қазақтар ғана емес, орыс-қазақтардың «стан», «станица» тәрізді қолданыстары оларға қыпшақ-қазақтар арқылы сіңгені рас. Негізінде, кейінгі Орта ғасырларда жаңадан бой көтерген тәуелсіз Орталық Азия мемлекеттері Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан аталуы да жоғарыда айтқан тіл заңдылығынан және түркілердің ресми тіліндегі парсы тілінің ықпалынан болуы керек.

«Абат–Байтақ» атауына оралсақ, қазақ арасында тараған кейбір ертегі, аңыз әңгімелерде Абат – Асанқайғының баласы. Бір аңызда Абатты «жайын жұтқанын» оқимыз, ал енді бір әңгімеде Байтақ – Дешті-Қыпшақ батыры ретінде көрінеді де Астананы қалмақтардан қорғау кезінде қаза табады (Н.Кастанье, 1910г., 90, 92 беттер). Мысалы, Я.Я.Полферовтың «Қазақ бейіттерінің арасында» (Среди киргизских могил. Тургайская газета. 1896, №6) атты мақаласында Байтақ кесенесі жайындағы бір аңызды келтірген. Мұндағы Байтақ батыр – Алтын Орда ханы Батудың інісі ретінде сипатталған. Яғни, осы аңызда да Байтақ батыр Қобда қалмақтарымен соғыс кезінде опат болып, осы араға жерленген.

Әрине, халық қиялы ХV ғасырдың тұлғасын әріректегі Шыңғыс ұрпақтарымен байланыстырғанымен, археологиялық деректер Байтақ тамының ноғайлы-қазақ кезеңінің туындысы екендігін толықтай дәлелдеген. Байтақ батыр мен оның ғажайып кесенесін қазақтар салғандығы В.В.Карлсонның мына мәліметтерімен растала түседі:

«Могила Хобланды. По сообщению В.В.Карлсона по тракту из Илецкой защиты на Уиль, около ст. Хобланды, находится небольшой холмь, весь покрытый обломками кирпича. Это остатки древней могилы, разрушенной населением. Г.Карлсонь принесь вь дарь музею два обломка кирпичей. Они одного типа с кирпичемь Байтака Кисене, раскопокь Аниховского, Кастанье и др.» (В.В.Кастанье, 93-бет).

Бұдан біз Байтақ пен Қобыланды батыр кесенелерінің бір дәуірде, шамамен ХІV ғасырдың соңы, ХV ғасырдың екінші жартысы арасында салынғандығын аңғарамыз. Әлбетте, бұл арада Қобыланды батырдың Дешті–Қыпшақ ханы Әбілхайыр тұсында Арғын Ақжол биді өлтіретін оқиғасын және соның салдарынан Жәнібек, Керей хандардың «қазақ шығып» кететіндігі туралы ел аңыздарын меңзеп отырмыз. Сонымен қатар Асанқайғының ұлы Абаттың да сол дәуірде өмір сүргендігін, ноғай-қазақ эпостары, әсіресе, «Қырымның қырық батыры» жырындағы көне сарындардан көре аламыз. Эпоста Қобыланды, Абат есімдері қатар келуі – кездейсоқ емес. Астана, Байтақ топонимдерінің ел, жұрт, орталық, қала, орда мәнінде дәл осы «Қобыланды батыр» жырында көбірек кездесуі де қазақтың бас батырының өз Отаны – Дешті–Қыпшақтың қасиетті жері мен оның киелі Астана – Байтағын қорғауда көп ерлік пен еңбек сіңіргендігін сездіріп тұр. Түптеп келгенде, Қобыланды есімінің алты Алашқа жайылып, қазақ халқының ең таңдаулы, ең көп нұсқалы әрі ең көркем де көлемді эпостық мұрасына бас кейіпкер ретінде енуі де соның жарқын айғағы емес пе?! Көшпелі ұлтымыздың мың жылдық тарихы Құрбанғали Халидұғлы сынды білімпаздар айтқандай, халықтың өз аузымен аңыз, жыр, эпостарға айналғаны қандай күмәнсіз болса, Қобыланды, Астана, Байтақ тәрізді есім-атаулар жай эпикалық кейіпкер, яки топоним ғана емес, этникалық сана мен тарихи жадымызда өшпестей жазылған ұлы тарихтың ұмытылмас бір кезеңі – ұлттық һәм рухани құндылықтарымыздың өрелі өзегі.

«Астана – Байтақ» кешенінің қазақ халқының өткен ХV–ХХ ғасырлардағы тарихында аса маңызды орын алғандығын орыс зерттеушілерінің төмендегі деректері толықтай айғақтайды: «Объ этой могиле имеются еще следующія свіденія:

В своей «Топогр. Оренбургск. губ. 1762г. ч. І стр. 515» П.И.Рычков пишет: «Вь прошломь 1750 году посыланной вь Киргись-Кайсацкую орду инженерь подпоручикь Ригельмань, будучи вь той орде на реке Карасу, впадающей вь Большую Кобду (где тогда было Ханское кочевье), не подалеку от устья той реки оть Оренбурга верстахь вь 150, нашель и срисоваль немалыя каменныя строения, на подобіе пирамидь сделанныя, которыя у киргизов называются «Астана», и сказують, якобы туть погребены былы знатные люди, изь которыхь одного называють они «Байтак». Они же объявляли ему, Ригельману, что туть в старину и город бываль. При оных «Астанахь» знатные киргизцы поныне имеють свои кладбища и молятся за умершихь» (В.В.Кастанье, 92-бет). Кітаптың осы бетіндегі «Қалалардың қирандылары» атты археологиялық сипаттамада Үлкен Қобда өзеніне жақын Байтақ өлкесінде, қазақтардың айтуынша, бұрын қала болғаны және ол арада ғимараттардың қирандылары, жартылай тегістелген каналдар мен егістік нышандары барлығы баяндалады. 1750 жылы Ригельман көргенде, олардың бірқатары әлі бұзыла қоймаған және орыс инженері кейбір жәдігерлердің суретін де салған. «Киргизы весьма уважают сіе место и за счастіе почитають быть здесь погребенными.» (Сонда) деген археолог мәліметі де бүгінгі ұрпақ үшін Астана – Байтақтың қаншалықты мәнді тарихи-мәдени нысан екендігін есімізге тағы да салады.

Демек, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан елордасының Астана атын иемденуі тарихи заңдылық екеніне дау жоқ. 1998 жылы Астана қаласының тұсаукесер рәсімі салтанатында Елбасының айтқан мына бір сөздері ерекше естіледі:

«Ия, біз бүгін Тәңір мен тарихтың ерекше бір шапағатты нұрына бөленіп тұрмыз. Бүгін – тірінің шындап тебіренетін, өлінің расында да, жатқан орнынан аударылып түсетін күні.  Жан-жағымызды шыр айнала қоршап жатқан ұшы-қиырсыз ұлан кеңістік – Сарыарқа талайды көрді, талайға төзді. Бағзы бабаларымыздың ақ найзаларын аспанға атқан айбарлы жеңістерін де көрді. Бергі бабаларымыздың еңселері түсіп, қабырғалары қайысқан қасіреттеріне де куә болды. Енді міне, екі ғасыр тоғысында, жаңа мыңжылдық табалдырығында өшкен жанып, өлген тіріліп, кеткен есе түгенделіп, жығылған ту қайта желбіреп, жоғалған елдік қайта оралып, құлаған орда қайта бой көтергеніне де куә болып отыр. Бұл да ұзағынан болғай, қайырымен келгей, қадірлі халқым!» (Назарбаев Н.Ә. Қалың елім, қазағым. – Алматы: Өнер, 1998, 201-бет).

Шынында да ұзақ уақыт бойы өз жері мен елінің бостандығын аңсап, Азаттық таңын Алладан сұрай, сарыла күткен қазақ халқы үшін «тәуелсіздік» ұғымы қандай қымбат болса, еркін Елдің ен Даласының төріне ту тіккен жас Республиканың елордасы – Астана да сондай ыстық, сондай қастерлі. Сарыарқадай киелі өлкеде, Есілдей ерке өзеннің жағасына қоныс тепкен Елорда мен Ақ Орда егіз ұғымға айналып, Ел мен Елбасының жүрегіне үлкен Үміт пен зор Сенім ұялатқаны да ақиқат. Анау Астана төріндегі алып Бәйтерек басындағы Самұрық құстың ұясы – сол бір салқар Сенімнің селкеусіз символы сияқты!

Иә, ұлы Қазақ баласы, үш Алаш жұрты ұлт Азаттығын алып қана қоймай, кешегі өткен замандағы ата-бабаларымыздың аманат-арманын адал орындап, апайтөс, дархан Даламыздың нақ төріне нық орнықты, сайын сахарада салуалы сарай салдырып, Ақ Орда Туын Көкте желпілдетті. Қазақтың қайсар мінез Махамбет атты жырауы:

Еділдің бойы – ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге

Мал толтырсам деп едім.

Еңсесі биік ақ орда,

Еріксіз кірсем деп едім, –

деп «емсеумен», өзегін шалған өкінішін өршелене айтып кеткен-ді. Бәлкім, Өтемістің өр ұлы өз баласы Нұрсұлтанды Орынборға оқуға апарғанында, «білегіммен жетпеген сол арманға ұрпағым білігімен жетер-ау» деп ойлаған да болар… Аллаға шүкір! Еділіміз болмаса да еркін Еліміз бар, жұрт жайлаған Жайығымыз бар! Еділге болмаса да ер ұлдарымыздың ерен ерлігінің куәсі болған, есіл жандары шейіт болған «Есілдің ен жағасына» Ел қондырдық! Бүгінгі абат Астана – бағзы батырлар мен батагөй билеріміз көксеген көне Байтағымыздың көсегесін көгертті: босағасын бекітті, жабдығын жаңғыртты, шаңырағын биіктетті! Бұл – теңдессіз Ерлік, текті Таңдау. Елбасының сөзімен айтқанда, «…тәуелсіз мемлекетіміздің саяси орталығының Астана қаласына ауысуы бір адамның, бір топтың немесе бір кезеңнің кездейсоқ күш салуымен қарадүрсін алынған келеңсіз ұйғарым емес, талай ғасырғы ізденістердің заңды нәтижесі, тамыры терең, мақсаты биік, келешегі зор таңдау» (Аталған кітап, 204-бет).

Бүгінгі Астана – Еуразия кіндігінде бой көтерген көрікті қала, келешегі кемел елдің, кемеңгер қазақ ұрпағының ұлы ордасы. Ол – кешегі кеңес кезеңінде тұнығымызды лайлаған, не пәлені ойлаған, Сарыарқаны емін-еркін жайлаған тың көтерген тыңшылардың, жерді құртқан телімсектер мен елді құртқан келімсектердің мысын басқан, тек-тәубесін есіне түсірген тәкаппар Түркі Елінің түпкілікті Астанасы!

Әлбетте, Нарықтың өтпелі кезеңінде, жолайрықта тұрған жас қазақ Республикасы үшін астана ауыстырып, ел көшін бастау оңай іс емес! Азаттығымыздың алтын бесігі, ХХ ғасырдағы сан-қилы жеңілістер мен жеңісті күндеріміздің куәсі, Алаштың ару қаласы – Алматыны, жер жәннаты Жетісуды да көз қияр ма?!

Көшпелі тұмса тіршілікті Тәңірінің тартуындай көріп, қиыр көшіп, шет қонған қазақ халқының тарихи тағдырында қасиетті қалалары мен орнықты ордаларының орны ерекше болған. Сондықтан болар, дала тұрғындары кезінде қазақ хандығының құтты қонысы, киелі ордасы – Түркістан қаласын жатжерлік басқыншылардан азат ету, қорғау жолында жан аямай күресіп, сан мыңдаған сарбаздарынан айрылды, талай батыр-боздақтар өз Астанасы түбінде соңғы демі біткенше шайқасып, ерлікпен шейіт болды. Қазақстан Президентінің жүрекжарды сөздерінен де ұлт тарихындағы астана–қалалардың маңызын айқын түйсінеміз. Бұл орайда Елбасы: «Біздің далалық мемлекетіміздің бірнеше мыңжылдықтарды қамтитын тарихы бар. Оның әрқилы кезеңінде әрқилы өлкемізге орда қонып, ту тігілген. Біреулерінің саяси дәурендеуі әлденеше ғасырларға созылса, біреулерінікі бірнеше айлармен шектелген. Соған қарамастан оның қай-қайсысы да біздің ұлттық тағдырымыздың ең түйінді мәселелерін шешіп, рухани тағдырымыздың ең талмау кезеңдерін иемденеді. Сондықтан да, батыс бетіміздегі Сарайшық, Астана, Байтақ, Орынбор, күнгейіміздегі Суяб, Баласағұн, Тараз, Сайрам, Созақ, Түркістан, Сығанақ, Сауран, Жаңакент, Қозыбасы, Ақмешіт, Сарыарқадағы Ұлытау мен Ордатау, Көкшетау мен Алаштың аттары аталғанда, ет жүрегіміз еріксіз елжіреп қоя береді» деп толғанады. (Сонда, 207-бет).

Бек орынды, бек ақиқат сөз. Осы арада бір назар аударарлығы, Елбасы кіндік қалалар тізімінде ортағасырлық Астана, Байтақ шаһарларын алғашқылардың қатарында, яғни Сарайшықтан кейінгі екінші орында атаған. Біз, әрине, тарих беттерінен Астраханды Әз-Жәнібек салдырғанын, Сарайшық Қасым хан кезінде гүлденгенін білеміз. Ал Астана – Байтақ қазақ хандарының жазғы резиденциясы десек қателесе қоймаспыз. П.И.Рычков та (1762г.) Үлкен Қобда, Қарасу өзендерінің түйіскен тұсындағы «Байтақ» тарихи кешенінің төңірегін «Хан жайлау» (Ханское кочевье) деп жазуы тегін емес. Ескі мұрағат жазбаларына қарағанда Байтақта ХVІІІ ғасырдың соңғы жылдарында халық көсемі Сырым Датұлы бірнеше жыл хандық дәурен сүріп, Ресей патшайымымен ресми қатынас құрған. Әбілхайыр, Нұралы хандар да көне Астана аймағына жиі ат шалдырды. Әйтсе де, қазақ хандарының қысқы рабаты немесе хан ордасы Сырдағы Жаңкент, Сығанақ, Түркістан қалалары болып қала берді.

Қысқасы, бір замандары Астана – Байтақ атауы исі қазақтың ұранына айналды. Тіпті, халық ауыз әдебиеті мен фольклорлық туындылардан «астана» сөзін жиі ұшыратамыз. Бұл қастерлі ұғым, әсіресе, жыраулар поэзиясы мен батырлық эпостардың басты мотиві болды.

Арғы дәуір жырауларын айтпағанда, Махамбет ақынның Исатай батырға арналған «Тарланым» атты жоқтау жырында:

Айғайласа белдік байланған,

Астана жұртын айналған,

Атына тұрман болсам деп,

Жұртына құрбан болсам деп,

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,

Атқан оғы Еділ – Жайық тең өткен… (Б.Ғ.Ж., 1-том, 185-бет) –

деп келетін жолдар – сол бір ескіліктен есті жұрттың санасына сіңген, қанына біткен қанатты сөз. Бұдан біз қазақ хандығы тұсынан бергі қилы заманда «астана» сөзі, ел-жұрт, ордалы халық, Отан, Хан Ордасы, киелі қоныс, атамекен сынды аса қасиетті ұғымдарды бейнелейтінін көреміз. «Астана жұртын айналған» күрделі сөз тіркесінің мәні – Отан үшін жан беру, яғни, Алаш үшін құрбан болу, атына тұрман болу деген ұғымды меңзейді. Қазақтың «айналайын» деуі, «айналып-толғануы» да сол ежелгі салт бойынша жақыны мен жары үшін, қара қазан сары баланың қамы үшін, қалса, Отаны мен туған жері үшін шыбын жанды пида ету деген мағынада қолданылғаны белгілі. Батырлар үшін «Астананы қорғау» – арысы өз мемлекетін, өз Отанын, берісі өз елі мен туған жерін көздің қарашығындай қорғап, жау тырнағынан сақтап қалудың басты ұраны әрі бұлжымас борышы болған. Сайын даланың сайыпқыран сарбазы мен батыр жігіттің ерлігін халық осы маңызды міндеттің мүддесі мен үддесінен шықса ғана танитын. Осынау отаншыл ұғым-тілектер Мұрат ақынның жырында былайша төгілді:

Садағын сала байланса,

Астана жұртын айналса,

Бес қаруын белге ілсе,

Ат үстінде күн көрсе,

Тебінгісін теріс тағып,

Темір қазық жастанып,

Қарындас үшін қан жұтса,

Ол ер жігітке жарасар (Б.Ғ.Ж., 2-том, 129-бет).

«Байтақ», «Астана» ұғымдары қазақтың батырлық эпостарында көбірек қолданысқа түскен. Мәселен, Мемлекеттік «Мәдени мұра» аясында әзірленіп жатқан 100-томдық «Бабалар сөзі» сериясы бойынша жарық көрген 20-томдық батырлар жырын (33–53-томдар) алып қарайық. Аталған жинақтарға Алпамыс, Қобыланды, Едіге, Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Ер Көкше, Ер Қосай, Ер Сайын, Қамбар, Тарғын, Қарабек, Көрұғлы, Бозұғлан, Қырымның қырық батыры туралы қаһармандық жырлар және олардың түрліше нұсқалары енді.

Бір ғажабы, осы жиырматомдық эпостық мәтіндердің өн бойында «Байтақ» сөзі әр түрлі мәнде 125 рет қолданылған болса, «Астана» ұғымы 29 рет кездесті. Мұндай айырмашылықтың себебі, «байтақ» сөзінің ұлы, үлкен, көп, ұланғайыр, қалың ел т.б. мағыналарда жиі қолданылуында болса керек. Ал «Астана» сөзі негізінен  ел, халық, орда, орталық шаһар ұғымында ғана қолданылып, өзінің басты, киелі мәнінен ажырамаған. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырының Нұрпейіс Байғанин нұсқасында мынадай жолдар ұшырайды:

Қайтамын деп ер Қобылан,

Сағынған Қыпшақ елдерін.

Мереке-тойым қылалық,

Астана елді жиялық,

Халықтың басын құралық (36-том, 139-бет)

Бұл арада «астана» – туған ел, халық, ордалы жұрт мәнінде қолданылған. Осындай ұғымды меңзейтін «астана» лексемасы ақтөбелік тағы бір эпик ақын Айса Байтабынұлы нұсқасында былайша өрнек тапқан:

Астана халқы еретін

Ханыңның аты кім еді?

Арлы жерде мал шашқан

Байыңның аты кім еді?

Арғымақ мініп ақырған,

Дұшпанды көрсе жапырған

Ініңнің аты кім еді?! (37-том, 39-бет)

Бұл – Құртқаның шешесі қалмақ Көктен кемпірдің Қобыланды батырды сынап айтқан сөзі. Ноғайлы-қазақ эпостарының қай-қайсысында да жыршылар батырдың тегін Қазтуған, Орақ, Телағыс, Ахмет, Қарасай, Қази, Әуез т.б. Едіге әулеті мен оның туыстарынан бөлектеп, «қазақ, қарақыпшақ Қобыланды» деп ерекше атаған. «Астана» атауының негізінен, «Қобыланды батыр» жырының нұсқаларында, оның ішінде батыс варианттарында көбірек ұшырасуы да зерттеушілер назарын аударарлық жайт. Мүмкін, орыс археологтары жазғандай, Байтақ, Астана шаһарлары мен қазақтың бас батыры Қобыландының өмір тарихында біздің ғалымдардың миына жете қоймаған әлдебір жұмбақ сыр жатқан шығар? Осы орайда Байтақ, Қобыланды бейіт-кесенелерін бір уақытта, салыстыра зерттей отырып, аса бағалы ескерткіштердің тарихи-археологиялық, антропологиялық сыр-сипатын анықтау «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде атқарылар кезек күттірмес шараның бірі болмақ. Мұндай Қазақ Елінің мәдени-рухани әлемінде айрықша маңызды міндеттің жүзеге асырылуы Тәуелсіз ұлт рухын жаңа биікке жетелеумен қатар, жас мемлекетіміздің жаңа Астанасының тарихи негізделген тұғырнамасын бекіте түсер еді және Елорда өткенінің жарқын беттерін жазуға мүмкіндік туар еді. Қайткен күнде де,  Астана – жаңа байтағымызға жайдан-жай берілген атау емес, Елорда есімі Ел тарихымен ежелден етене байланысқан байырғы өз аты, қазақтың түп асылы – төл Астанамыз!

«Қобыланды батырдың» оралдық Нұрпейіс Битілеуұлы нұсқасында Құдай Тағаладан бала сұраған Қыдырбай шалдың былайша зарланатыны бар:

Бір баланың жоғынан,

Қазақ пенен қалмақтың

Мені қубас дегенін –

Бұл қайғыны көргенше,

Күнде бүйтіп өлгенше,

Құдая, мені алсайшы,

Астанамның алдында

Қара оба қылып салсайшы! («Бабалар сөзі» 37-том, 204-бет).

Эпоста Дешті-Қыпшақтың биі, Қобыландының әкесі Қыдырбайдың аузынан айтылған асыл сөздер де Астана – Байтақтың қазақ қоғамындағы мәдени-тарихи құндылығын дәлелдей түседі. Ал батыстың тағы бір көпшілікке бейтаныс жыршысы Сәдуахас Ділманов нұсқасында Қобыланды – Астана жұртының басты үміті ретінде сомдалған. Айтулы эпостың 30 шамалы вариантына көп ұқсай бермейтін бұл жырдың басты сюжеті Қобыландының Барсакелмес ханы – Алып батырмен соғысына арналған. Шытырман оқиғаларға толы эпоста Қобыланды тұтқынға түсіп, одан аман-есен босанып, барлық жауларын жеңіп келгенде оған досы Алмамбет мынадай базына айтқан екен:

Өкініпсің тұрмапсың,

Сайымның тілін алмапсың.

Қателік, балам, ол жерің

Оныменен амандық

Табыла бермес жігітке.

Сынаған адам сезбей ме,

Жарамайды, шырағым,

Астана сенен дәме етет

Қобылан деген үмітке.

«Көп тілеуі – көл» деген

Көрінді, балам, көзіңе –

Аз күн болсын дәм татып,

Жатып шықтың кілітке… (37-том, 480-бет).

Көріп отырғанымыздай, қазақ эпостарындағы «Астана» образы ұлт, отан, ел-жұрт, халық, атамекен ұғымдарымен ажырамас үндестікте және осынау Ұлы даланың елі мен жерін қорғаушы хас батырлардың тағдырымен, ерлік шежіресімен сабақтаса сомдалған. Асығыс сілтеген алдаспанымен Әбілхайыр тағын шайқалтып, Керей, Жәнібек сұлтандардың дербес Қазақ хандығын құруына себепкер болған Қара қыпшақ Қобыланды туралы тарихи аңыздардың бір парасы ежелгі Абат – Байтағымыз Астанамен байланысты екендігін жоғарыда айттық. Қазақтың бас батырына лайық еңселі ескерткіш бүгінгі Астанамызда бой көтерсе, нұр үстіне нұр!

Қазақ эпосындағы «астана» ұғымының қолданыс аясы бір ғана «Қобыланды батыр» жырымен шектелмейді. Мысалы, «Қарасай – Қазидың» Мұрат Мөңкеұлы нұсқасында:

Садағын сала байланған,

Астана жұртын айналған

Қылжуырдай қисайған,

Қалмақты қырса тыншайған… (41-том, 44-бет).

Немесе:

Байтақ малды сойдырған,

Астана жұртын тойдырған… (Сонда, 46-бет).

Нұрпейіс нұсқасында:

Астана халқын басқарған,

Талай жауды жылатқан.

Жігері мен қайратын

Есіткен жан ұнатқан… (Сонда, 112-бет).

Айса нұсқасында:

Мамайым бойға біткенде,

Ұшарына жеткенде,

Мен түсімде Ай мен Күн көрдім.

Ай мен Күндей қылып,

Астанаға бірдей қылып,

Құдай-ау, екі ұл бердің… (42-том, 44-бет).

Яки болмаса:

Тәрбие мен байлықты

Астанадан оздырған, Мамай! (Бұл да сонда)

Қобылаш нұсқасында:

Ноғайлының елінде

Талай ерлер өтулі.

Астана, елдің қамы үшін

Дұшпанға қарсы бекінді (46-том, 9-бет).

Осы нұсқада:

Астана, халық аман ба,

Ел қамқоры достарым?! (Сонда, 117-бет).

«Қырымның қырық батыры» жырында:

Астана жұртты меңгерген,

Азын көпке теңгерген

Артық туған хан еді,

Асылы артық жан еді… (51-том, 341-бет)

деген жыр жолдары «астана» сөзінің халықтық, елдік мәнін тереңірек аша түскен. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Поэтикалық қырынан қарағанда «астана» сөзін жыраулар ел-жұрт, халық ұғымдарымен ажырамас бірлікте алып, көбіне эпитет-айқындауыш түрінде  қолданған. Бұл жағдайда астана жұрт, астана ел, астана халық тәрізді тұрақты сөз тіркестерінің синонимдік қатары түзіліп, олардың басты мағынасы – хан ордасы, ата жұрт, қара орман халық, Отан, туған ел, ежелгі, құтты қоныс мәндерін білдіреді. Кейде «астана – байтақ» формасында қосарлы, яки жеке «астана» метафораланған эпитет күйінде де ұшырай береді. Мұның өзі «астана» сөзінің сан ғасырлар бойы халқымыздың рухани кеңістігінде – эпикалық санада берік орын тепкен, ұлттық идеямыздың негізгі нышанына айналған қастерлі ұғым, қасиетті ұран екендігінің айқын айғағы. Демек, көне Астана – Байтақ туралы жыр-аңыздар мен тарихи деректерді жинау, зерттеу ғана емес, ежелгі Елорда мен бүгінгі Астананың ұлт тағдырында, Тәуелсіз Қазақстанның ғұмырнамасындағы тарихи рөлі туралы толымды еңбектер жазу һәм оны ұрпақ санасына сіңіру де ауадай қажет. Елбасының сөзімен айтқанда: «Астана – ұлт келбеті. Мемлекет дидары. Халық мерейі».

Күллі әлем көз тігіп отырған Астананың гүлденуі мен Қазақ Елінің экономикалық дамуы бүгінгі ұлт рухын ұлықтайтын егіз арна. Әсіресе, Астана қаласының аз уақытта бой көтеріп, әлем қызығар әсем шаһарға айналып, көркеюі жолында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі ерен. Елбасымыз да «Астана» идеясын елсіз тақырдан ойлап таппағаны аян. Осынау озық ойға азық болған байырғы Байтақ пен алғашқы Астана туралы бабалар айтқан тарихи аңыз-әпсаналарды Елбасымыз да ескергені анық. Расында Ұлттық Тәуелсіздік идеясының бастау-бұлағы – қазақтың батырлық эпостары дейтін болсақ, батырлардың басты ұраны «Астана – жұрты» екен. Айтайын дегенім, Астана – бүгін де үш Алаштың басын қосар бірлігіміздің белгісіне, барша қазақтың ұранына айналса екен! Сонда Астана жұртын меңгерген, азын көпке теңгерген Елбасымыздың да еңбегі жанар, Еліміздің ертеңі де жарқын болар деп сенемін.

Серікбай ҚОСАН,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
жетекші ғылыми қызметкері

Subscribe to Comments RSS Feed in this post

One Response

  1. It’s well known that money can make people autonomous. But what to do when someone doesn’t have money? The one way only is to receive the mortgage loans or college loan.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*
*