Жуырда «Правда Казахстана» газетінде Шығыс Қазақстан облысында тұратын бір топ орыс-славян азаматтарының атынан ашық хат жарияланды. Ашық хат Қазақстан президенті Н.Назарбаев пен Ресей президенті Д.Медведевтің атына жолданған. Хаттағы ойдың тоқетері облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі орыс ағайындарға күн көрсетпейді екен-мыс. Өскеменнің қақ ортасында тұрған Лениннің ескерткіші алынып, орнына Абайдың ескерткіші орнатылғаны да орыстар мен орыстілділердің көңіліне жақпапты. Осылайша әбден «қорланып, зәбір-жапа» шеккен олар Қазақстанның президентін ғана місе тұтпай, көрші ел басшысына да мұңдарын шағыпты.
Абайды қорлағандары – қазақты қорлағандары
Аталмыш ашық хаттағы қаны қазақ ағайынның қай-қайсысының болсын шабына тиетіні ұлы философымыз Абай Құнанбаевтың ескерткішіне қатысты жолдар. «Орталық алаңда Абайға ескерткіш орнатылуы көпшілігі орыс және орыстілді азаматтардан құралған Өскемен қаласының тұрғындары арасында түсінбеушілік пен наразылық туғызды», – дейді хат авторлары. Олардың мұнысын қалай түсінуге болады? Қазақ пен Абай егіз ұғым. Қазақ Абайсыз, Абай қазақсыз аталмайды. Дара тұлғаға Өскеменнің ғана орталығынан емес, қазақтың әр ауылының қақ ортасынан ескерткіш орнатсақ та артықтық етпейді. Ал Шығыс Қазақстан ұлы ақынның туған жері екенін ескерсек, Өскеменнің орталығында Абайға ескерткіш қойылмағанда кімге қойылсын?! Абайға атылған оқ – қазаққа атылған оқ. Абайға айтылған сөз – қазаққа айтылған сөз. Абайды қорлағаны – қазақты қорлағаны. Абайды қастерлемегені – қазақты қастерлемегені. Мұны көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адам білсе керек. Абайдың қазақ үшін қаншалықты маңызды тұлға екенін жергілікті тұрғындар түгілі, бүкіл әлем біліп үлгерді. Қазақты әлемге мойындатқан да Абай десек артық айтқанымыз емес. Ендеше «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп ұлты үшін еңіреп өткен ерімізге тіл тигізгендері қалай? Олардың бұл қылығын қалай түсінуміз керек? «Асыңды ішейін…» дегендері ме? Әлде Абайды мойындамағандары ма? Ондай болса олардың Абайды мойындамағаны – қазақты мойындамағаны емес пе?
Д.Медведевке хат жазғаны – тәуелсіздігімізді мойындамағаны
Ашық хаттың көрші ел президенті Д.Медведевтің атына жолданғанын қалай түсінуге болады? Қазақстан азаматтарының Ресейдің басшысынан көмек сұрағандарын да түсіну қиын? Бұл сонда Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамағандары ма? Әлде елімізді әлі де империяның отарларының қатарына жатқызғаны ма? «Қасқырдың күшігін қанша бақсаң да тауға қарап ұлиды» деген осы болар, сірә. Қазақ еліне шын мәнінде қазақтан өзгенің жаны ашымайтынын да осыдан аңғару қиын емес. Осы орайда Ресей билігінен міндетті түрде аталмыш ашық хатқа жауап берілсе дейміз. Олар екі ел арасындағы сыйластық қарым-қатынасты сақтап қалғысы келсе Қазақстанның тәуелсіз, дербес мемлекет екенін мойындайтындарын, оның ішкі жұмыстарына араласуға құқылары жоқ екенін айтуға тиіс. Хат авторлары осы өңірдегі ұлтаралық қарым-қатынастарды бақылайтын Ресей мен Қазақстан біріккен арнайы комиссия құрылуын талап етеді. Бұл талаптарының да орынсыз екенін оларға Ресей билігі өз жауабында айтқаны абзал. Айдың-күннің аманында мұндай бүлік шығарып жүргендерді Қазақстан билігі жауапсыз қалдырмауға тиіс. Мұнымыз жауап бердік екен деп айғайшылардың жетегінде кетіп, Бердібек Сапарбаевты орнынан алып тастау деген сөз емес. Салмақты, салиқалы жауап. Орыс ағайындар ендігәрі Абай мен қазаққа тіл тигізуге сескенетіндей жауап. Тәуелсіздігімізді мойындататындай жауап.
Қазақтар арасында іріткі салуда
Шығыс Қазақстан облысы орыстарының Бердібек Сапарбаевқа деген өкпесі қара қазандай екен. Хаттарында облыс әкімін әбден-ақ сынға алған. Облыс әкімінің өңірді қазақыландыру саясаты олардың көңілінен шықпапты. «Өңірді мәжбүрлі түрде қазақыландыру саясатын жүргізуде» – дейді. Б.Сапарбаев келгелі жоғарғы шенді орындардың барлығы қазақтарға ғана бұйырады екен-мыс. «Мұндай кадрлық саясат орыс, славян тектес жастарға еш мүмкіндік бермей отыр. Б.Сапарбаев қазақтарға, оның ішінде жергілікті емес Оңтістік қазақтарына деген ерекше көзқарасын жасырмайды», – делінген хатта. Бұл сөздерін қалай түсінеміз? Ендігі олардың қазақтардың өзін оңтүстік қазағы, солтүстік қазағы деп бөліп, араларына іріткі салғысы келгені ме? Ата бабаларының империялық билік кезінде қолданған қазақты қазаққа айдап салып «бөліп ал да билей бер» саясатын жалғастырғаны ма? Не болса да ниеттерінің ақ еместігі анық.
Бірақ, олардың бұл ойынан ештеңе шыға қоймас. Бердібек Сапарбаевқа қатысты айтқандарының да шындықтың ауылынан алыстау екені түсінікті. Бұл жерде Бердібек Сапарбаевты ақтап, мақтап тұрған жайымыз жоқ. Оның билікте жүрген санаулы ұлтжанды, қазақы азаматтардың бірі екені анық. Осыған дейін кеденде, министрлікте қызмет еткен шағында да оның есімінің еш былықпен байланыспағанын жақсы білеміз. Сондықтан, ел аман, жұрт тынышта бүлік шығарып жүрген орыс ағайындарының қазақтың арыстай азаматын даттауына қарсымыз. Осыған дейін биліктің осындай айғайшылардың айдағына көніп бірталай ұлтжанды азаматты қызметтен шеттеткені бар. Бұл жолы тағы да сол қателікке бой алдырмауын тілейміз. Керісінше, ел ішінде бүлік шығарып жүргедерге қатысты ескерту жауап айтылғаны абзал. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмаса олардың ертең-ақ «Шығыс Қазақстанды Ресейге қосуымыз керек» деп ашық хат жазып жүрмесіне кім кепіл?
Инга Иманбай
http://www.zonakz.net/blogs/user/mxtar_shaxanov_atynday_rux_pen_tl_kluby/12036.html
09.07.2010 at 10:54 am
Жаман үйді қонағы билейді деуге де болмаса керек бұл жайлы . Орыстар өздерін бұл өңірдің қонағы деген не , иесі санаса керек . Қазақ елі Қалмақтан қорқа орысқса тығылғаны нағыз ащы шындық ау . Қалмақтың бас салғаны үш жүздің үшжүз руға бөлінгінінің салдары екені де айдан анық емес пе ? Ол бүлік те елді басып алған Шыңғысханның аулеті арасындағы бақталастан туындаған еді ғой . Билікті жұртқа қарсы бишік қылғандар оны ыдырата берген соң ел барған сайын кез келген көк атты жаудың жемтігі бола берді . Кеше кеңессымақ совет одағы Қазақты әлекке салса бүгін оның мирасқорлары айқай салып жүргені таңсық емес . Демек бөлінбес елді ешкім бөле беріп билеп төстей алмас еді . Өзбекткер тек өзін бек деп басқаны менсінбеген соң тақтан тайған болатын . Ал бүгін хандықты қайта өрлеткесі келетіндер осы сарыншақтан да құр алақан болар қауыптың жар басында қалшылдап тұрғандай . Бұл қатерден аман қалу үшін замана талабын ескеріп ең қолайлы жүйе құру ләзім . Ол тәртіп шынайы демократия болса керек .
22.07.2010 at 1:45 am
Осы мәселеге байланысты Қазақстан халықтары Ассамблеясының пікірін білген дұрыс болар еді. Олар мынадай сұрақтарға жауап берсе:
1. Еліміздегі сепаратистік ой-пікірлердің әлі де жойлмай отырғанының, оның оқтын-оқтын осылай жаңғырып отыруының себебі неде?
2. Қазақстанның біртұтас тәуелсіз мемлекет екенін мұнда тұрушы халықтардың санасына сіңдіру Ассамблеяның тікелей міндетіне жата ма?
3. “Тәуелсіз мемлекет пен оның тәуелсіз азаматтары идеясы” Ассамблея уағыздайтын “көп ұлтты Қазақстандағы ұлтаралық бірлік” идеясының көлеңкесінде қалып қойған жоқ па, болмаса, мынандай сепаратистік қадамдар қайдан пайда болып жатыр?
4. Оған қазақ ұлтының “мемлекет құраушы” ұлт екеніне Ассамблея тарапынан көңіл бөлінбеуі себеп болып отыр ма? 5. Қазақстан азаматтарының болашақта біртіндеп қазақтана басталуы обьективті процесс екенін, оны барлық, өзін Қазақстан азаматымыз деп санайтын ұлт өкілдері мойындауы қажет екенін түсіндіруді Ассамблея қандай дәрежеде жүргізуде? 6. Немесе, Ассамблея “тек қана бірлік дей берсек ол мәселе өздігінен шешіле салады” деп ойлай ма? 7. Ассамблеяның алдымен азаматтықты алға шығаруы – ұлт мәселесін көмескілендіріп, әлі де мәдени және әлеуметтік мәселесі шешілмеген көпұлтты мемлекеттің негізгі ұлтының (қазақ) тарапынан әсіреұлтшылдық қадамдардың пайда болуына алып келіп жатқан жоқ па? 8. Ассамблея дәріптейтін “азаматтық идеясын” сепаратистік көзқарасын ашық білдіруші өзге ірі ұлт (орыс, ұйғыр) өкілдері неге мойындамайды, оның себебі неде?